Фото: instagram/sarkanai
Танымал айтыскер ақын Сара Тоқтамысова өзінің туып-өскен Абай облысы Аққала ауылына мешіт салып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақын қыздың айтуынша, ауылында бұрын-соңды мешіт болмаған. Сондықтан құрылысы аяқталған Алланың үйін көргенде көз жасына ерік беріпті.
Көңілім босап отыр. Ауылға жеттік. Құрылыстан кейінгі мешітті өзім де бірінші рет көріп отырмын. Бір бұрышында отырып, жылап қалдым. Алла, қасиетті үйіңді салғызуға мүмкіндік бергеніңе, шүкір! Мейірімді Алла, кішкентай арманымды орындағаныңа шүкір! Ешқашан азан үні естілмеген ауылымнан күмбезін жарқыратып мешіт соғуға себепкер қылғаныңа шүкір. Отағасы Есіліме мың алғыс. Ең бірінші сол кісіден туған ұсыныс. Төбемде Алла көріп тұр. «Еліңнің батасын алдың, ата-анаң да осы ауылдан шықты. Біздің ауылдарда қос-қостан мешіт бар. Сенің ауылыңа бір мешіт бастайық, өз ретімен болады» деген жан-жарымның сөздері одан сайын шабыт берді, – деп жазды ақын.
Сара бұл мешітті балалар намаз оқуды үйреніп, ал үлкендер жағы иманға жақындаса деген ниетпен салғанын алға тартты.
Ақсуатта үш күн қатарынан дүбірлі той өтіпті. «Мешіттің ашылуын тура осы күндерге қояйық, сырттан келетін әнші-ақындар көріп кетеді» деген ақылшылар көп болды. Бас тарттым. Себебі мешітті мақтану үшін, мақтан үшін ашып жатқан жоқпыз. Атымды шығара алмай жүрген адам емеспін.
Менің ниетім – ауылым қуанса болды. Мешіт салынған жерге Алла береке беріп қояды дейді. Ауылым берекелі ауылға айналса екен деп армандаймын . Ниетім осы мешітті ашып берсек, балалар намаз үйренсе екен деймін. Үлкендер құбыланы тауып, иманға жақындаса деймін. Дәл жолдың бойында орналасқан. Өткен-кеткен жолаушы маңдайын сәждеге тигізсе деймін, – деді айтыскер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!