Арман Сейтжапбар – танымал тректердің авторы. Шатырда шабыт шақыратын әнші шеңбермен шектелмейді. Оның бойында еркіндік пен жастық жалын бар. Синтезден туған стилі де тым бөлек. Бала кезден әуен мен сөз сиқырының сырына қаныққан. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжін «актер және вокалист» мамандығы бойынша бітірген.

– Отбасымда жалғыз баламын. Содан болар анам алыстап Алматыға кетпей, бухгалтер болғанымды қалады. Кейін ата-анам таңдауымды түсініп, өнер жолына қадам басуыма қарсылық танытпады. Екінші курста оқып жүргенде ән жаза бастадым. «Байқоңырдағы махаббат» әнім Төреғали Төреәлінің көңілінен шығып, сол кісіге сыйға тартқаным есімде.

Қазір киноға кастингке де шақырып жатыр. Әзірге ән жазумен айналыспақпын. Мақсатым – осы бағытта өзім қалаған нәтижеге жету. «Басқа сандықтан» атауымен жеке альбом жарық көрді. Жақында тағы жинақ шығару жоспарда бар, – деді Aro.

Иә, орындаушының тректері платформада 3 млн-нан астам тыңдалым жинаған. Әсіресе, мысқал мұңмен астасқан «қимастық жыры» қызу талқыға түскені белгілі. «Үміт пен күдік арасындағы екіұдай сезім әншінің басынан өткен бе?» деген сауал тыңдарманды толғандырды.

– Әннің өміріме қатысы жоқ. Бұл бір-бірін сүйіп, қосылмай кеткен ғашықтардың тағдыры. Ертеректе үлбіреген қыздың жас күнін үзіп, өзінен үлкен адамға атастыру көп болды. Сондай сәтте сүйгенінен көз жазып қалған жігіттің мұңы, жүрек жарасы. Мәселен Ақан серінің «Балқадишасы» да сол сарында. Сондықтан ән жазуыма осындай себептер негіз, – дейді ол.

Қазір шоу жасап, концерт беретіндер көп. Тіптен бір жылда өңір-өңірді аралайды. Ал Арман Көмекұлы концерт беруге асықпайтынын айтады. Әлі де тың туынды шығарып, жаңа трек жазбақшы.

– Шығармашылық кеште өз әндерімнің орындалғанын қалаймын. Қонақпен толтырып, концерт өткізгім келмейді. Яғни арнайы шақырылған әншілер бір әннен орындаса да жетеді. Өнерде ізденісті тоқтатпау керек. Мәселен, кавер орындауға болады. Бірақ өз шығармашылығыңды дамытуды жалғастырған жөн, – деді өнер иесі.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!