Актер Рамазан Амантай продюсер ретінде өзінің жаңа жобасын жарыққа шығарды. Кинотуынды қандастар мәселесін қозғайды. Продюсер бұл жобасына қанша қаржы жұмсады? Massaget.kz тілшісінің материалында. 

«Бұл тақырып баяғыдан жүрегіме бататын»

Фильм Қазақстанға келген қандастар мәселесін қозғайды. Көрші елден атамекенге оралған қандастарымыздың елге сіңіп кетуі жайлы қозғалатын тақырып, елді бірлікке шақырады. Рамаз Амантай неліктен фильмді осындай тақырыпта түсіргенін айтты. 

«Фильмді осындай тақырыпта түсіру менің идеям болды. Мен бұл мәселені шыны керек баяғыдан, мектеп қабырғасынан түсіргім келетін. Университет қабырғасында да осыған ұқсас көз алдымда бірнеше оқиға болды. Осы тақырып үнемі түрпідей тиетін, жүрегімді қынжылтатын. Адамды бөліп жару, «сен мына елден келдің, сен мына жақтан келдің» деп мінеу дұрыс емес. Бұл туынды бүкіл қазаққа арналған туынды» дейді ол. 

Жұмсалған қаржы көлемі қанша?

Фильм былтыр көктемде түсірілген. Өзінің жарыққа шығуын ұзақ күткен туынды дейді Рамазан Амантай. 

«Шамалап айтсақ почти 200 миллиондай қаражат кетті. Көрген адам бірден арзанға шықпаған фильм екенін түсінеді. Маркетингтің, жарнаманың өзіне 20 миллиондай қаржы жұмсалды» деді продюсер. 

Ал фильмдегі актерлердің ішінде ең қымбаты – Нұргүл Мыңғатова. Рамазан Амантай актрисаның өнеріне тәнті екенін айтып, оның ең қымбатқа шыққан актриса екенін айтты. 

«Ең қымбат актриса – Нұргүл Мыңғатова ханым. Бұл кісі енді теңдесіз актриса ғой. Нақты қанша бергенімді айта алмаймын. Одан кейін қазақ аруы Аделина да біршама қаражат алды. Қалғанының бәрі достарым. Ең аз алған өзім. Мүлдем ештеңе алмадым мен» деп күлді продюсер. 

Рамазан Амантай – қазақстандық актер, композитор, әнші және ақын. Ол 1998 жылдың 28 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. 2010 жылы актерлік карьерасын «Айналайын» телехикаясында Арман рөлін сомдаудан бастады. Көпшілікке «Бизнес по-казахски» фильмдер сериясындағы Еркош рөлі арқылы танылды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!