Рианна, Крис Браун: Christopher Polk/Getty Images

NUR.KZ. Әлемдік жұлдыздардың ажырасып, қосылып жататынын жиі естиміз. Кейде мұны еріккеннің ермегіне балап жатамыз. Бірақ олардың да арасында бақытты боламын деп тұрмыс құрып, тиран күйеудің қорлығына тап болғандар бар. Олар кімдер? Материалымыздан оқыңыз.

МАҢЫЗДЫ ТҰСТАР

Әлемге танымал жұлдыздардың арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғандар бар, олардың ішінде Уитни Хьюстон, Рианна, Ким Кардашьян, Холли Берри, Валерия және Жасмин сияқты әйгілі есімдер кездеседі.

Бұл жұлдыздардың көпшілігі күйеулерінің агрессивті мінез-құлқы, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылығы салдарынан қиын жағдайға тап болған, кейбіреулері тіпті өмірлеріне қауіп төнген.

Көптеген жағдайларда, жұлдыздар ұзақ уақыт бойы осы жағдайды жасырып келген, бірақ соңында ажырасуға және өз тәжірибелерін ашық айтуға шешім қабылдаған.

Атақты Уитни Хьюстон күйеуі Бобби Браунның агрессиясының құрбаны болған. Олар 1992 жылы үйленген, 14 жылғы неке жанжалға толы болған. Бобби Браун әйелін заңсыз заттарға тәуелді етіп, үнемі ұрып-соққан. Уитни жүйке анорексиясына шалдыққанына қарамастан, сүйіктісін ақтаумен болған, өмірінің көп жылын жанжалдан кейін немесе мас күйінде көлік жүргізгеннен кейін қамалған күйеуін күтумен өткізген. Хьюстон ажырасуға 2006 жылы ғана бел буған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны атанған әлемдік жұлдыздар
Уитни Хьюстон, Бобби Браун. Фото: Chris Polk/Getty Images

Рианна

Әдемі үйлену тойына ұласуға тиіс болған қарым-қатынас жанжалмен аяқталып тынды…

2009 жылы музыкант Крис Браун көлік ішінде Рианнаға қол көтеріп, қылғындырмақ болған, әншінің қашып құтылуға мүмкіндігі болмаған.

Осы жайттан соң Браун полиция учаскесіне барып, кінәсін мойындады, бірақ бұл жайт оның жазасын жеңілдеткен жоқ. Сот Крис Браунды бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға, 180 күн қоғамдық жұмысқа тартуға үкім шығарды, сондай-ақ оған Рианнаға 50 метрге дейін жақындауға тыйым салды.

Кейін музыкант көпшілік алдында сүйіктісінен кешірім сұрап, екеуі қайта қосылды. Алайда көп ұзамай екеуі айырылысып кетті.

Ким Кардашьян

Ким Кардашьянның бірінші күйеуі, музыкалық продюсер Дэймон Томасқа 19 жасында жасырын тұрмысқа шыққан. Екеуі бес жылдан кейін ажырасып тынды. Олай дейтініміз, Дэймон Томас әйелін қатаң бақылауда ұстап қана қоймай, жиі ұрып-соққан.

Ким бұл туралы тек 2010 жылы, екеуі ажырасқаннан кейін алты жыл өткен соң ғана ашып айтуға бел буған.

Ажырасуға берген арызында Ким некелескеннен кейін бірнеше айдан кейін Дэймон Томас қол көтере бастағанын айтқан. Алайда ол полиция шақырудан, күйеуі ұрып-соғатынын туыстарына айтудан қорыққан, өйткені Дэймон оны өлтіретінін айтып, қорқытқан.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны атанған әлемдік жұлдыздар
Ким Кардашьян. Фото: instagram.com/kimkardashian

Холли Берри

Холли Берридің тағдыры өте аянышты.

Актрисаның бірінші күйеуі, бейсболшы Дэвид Джастис оның жанкүйері болған. Холли онымен 1992 жылы жігіт қолтаңба алмақ болғанда танысқан. Холли өзінің жанкүйеріне қатты ұнап қалғаны сонша, екеуі алты ай сөйлесіп жүріп, некелесуге бел буған. Алайда некедегі екі жылы актриса үшін қорқынышпен өткен…

2001 жылы актриса музыкант Эрик Бенеге тұрмысқа шыққан, Холли оған концертінен кейін ғашық болып қалған. Бірақ бұл неке де Холлиге қуаныш әкеле қойған жоқ, бұл күйеуі де оған қол көтерген. 2005 жылы ажырасқаннан кейін Холли Берри оталып тұрған көлік ішінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Актриса 2015 жылы үшінші күйеуі Оливье Мартинеспен де ажырасып кетуге мәжбүр болған. Екеуінің ортақ ұлы болғанына қарамастан, күйеуінің агрессиясына төзе алмаған Холли Берри одан да ажырасып кетеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны атанған әлемдік жұлдыздар
Холли Берри. Фото: Jeff Kravitz / Contributor / Getty Image

Валерия

Ресейлік әнші Валерия бірінші күйеуі әрі продюсері Александр Шульгинмен некесіндегі шындықты ажырасқаннан кейін ғана айта бастаған.

Валерияның өзінің айтуынша, некедегі жылдары оның өміріндегі ең қорқынышты кезең болған. Оны тиран күйеуі қорқытып, моральдық тұрғыдан қысым көрсеткен, сонда да үш баласы үшін көнген, ортадағы балалар жағдайды жеңілдетеді деп үміттенген. Кейін Валерия балаларымен Шульгиннен Аткарскідегі анасына қашып кетеді де, ажырасуға арыз береді, оған қоса бұрынғы күйеуіне отбасына жақындауға тыйым салынады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны атанған әлемдік жұлдыздар
Валерия. Фото: instagram.com/valeriya

Жасмин

Ресейлік тағы бір Әнші Жасмин бірінші күйеуі бизнесмен Вячеслав Семендуевке 1995 жылы 17 жасында тұрмысқа шыққан. Екеуі он жылдан астам уақыт бірге тұрған. Алайда әншінің сөзінше, осы жылдар аралығында күйеуі оны ұрып-соққан, қорлаған. Жасмин соққыдан ауруханаға түскенде ғана оның тиран күйеудің құрбаны болып келгені айтыла бастады. Вячеслав Семендуев Жасминнен 20 жастай үлкен болған. Жасминді жұлдыз жасағанымен, әнші ақыры күйеуінің ұрып-соққанын айтып, арыз жазып, ажырасп кеткен. Вячеслав Семендуевтің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны атанған әлемдік жұлдыздар
Жасмин. Фото: instagram.com/jasmin

Сырт көзге төрт құбыласы түгел көрінгенмен, әлемге танымал әйелдердің де да жаттан бұрын жақынына айта алмайтын сыры болады, олар да тиран күйеуінен қорыққанынан қанша жыл тірі жанға тіс жара алмай, көнумен күн кешуге мәжбүр…

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!