Ұлының тойынан ақылы түрде онлайн көрсетілім жасағалы жатқан әнші Сәкен Майғазиев трансляциядан түскен қаражаттан салық төлеуі керек. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті ҚазАқпарат порталына білдірген пікірінде айтты, деп хабарлайды “Адырна”
Комитет заңнамаға сәйкес, салық төлеушінің салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер бойынша салықтық міндеттемелері оның заңды нысанына, қолданылатын салық салу режиміне және салық салу объектілерінің болуына тікелей байланысты екенін атап өткен.
“Қарастырылып отырған жағдайда онлайн-тойға қатысу үшін 1380 теңге көлемінде ақы алу табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер іс-шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелсе, алынған табысты декларациялап, қолданылатын салық салу режиміне байланысты жеке табыс салығын төлеуге міндетті”, − деп жазылған комитеттің агенттікке берген жауабында.
Заңға сәйкес, ұйымдастырушы шағын бизнес субъектілері үшін жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі қолданылған жағдайда – 3%; жеке кәсіпкер үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі болса – 10%; заңды тұлға болса – 20% мөлшерінде салық төлеуі керек.
Бұған дейін әртіс ұлының тойынан ақылы тікелей трансяция ұйымдастырылатынын, оның құны 1380 теңге болатынын хабарлаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!