Фото: instagram.com/sarkanai

Танымал айтыскер ақын Сара Тоқтамысова Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасына қатысты пікір білдіріп, заң шықты екен деп күйеулеріне жала жабатын әйелдер де бой көрсетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын!»

Ол әлеуметтік желіде отбасылық өмірді талқылау желдей есіп кеткеніне ашынды.

Қазір бізге біреудің өмірі өте қызық. 24 сағаттың 18 сағатында «әйелі былай депті», «күйеуі не жауап берді екен» бөтен отбасының парақшасын аңдумен отырамыз. Жұбайлық өмірдің түрлі сәттері болады ғой. Соның бәрін инстаграмға сала беруге қарсымын өз басым. Қазір әлеуметтік желіде отбасылық өмірді талқылау желдей есіп кетті. Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. «Қарсы емеспін» дейтін әйел жоқ шығар?! Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп алам деу – ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан да босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу – бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесінен боқтаған күні еркек өзінің «еркек» деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар! – деп жазды ақын.

«Әйелдердің тілі ұзын!»

Сара Тоқтамысованың айтуынша, отбасылық өмірде тек бір жақ кінәлі болмайды.

Мұның екінші жағы бар. Қазақстанда заң шықты екен деп пәлен жыл отасқан күйеулерін халық жауы құсатып ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің, әйелдердің, тіліміз өте ұзын. «Қой» дегенде қоя салмай, кей жігіттің тілін шығарамыз. Сондықтан болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйені жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып ойлану керек деп ойлаймын. Біреудің өміріне араласып, пікір жазып уақытыңды бос кетірмей, өзіңме айналыс, өзіңе арна уақытты, – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!