Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогерлерге салық бойынша хабарламалар жіберді. Оларға жалпы құны 53 миллиард теңгені төлеуге бір ай уақыт берілгенін мәлімдеді. Осыдан соң желіде салықтан жалтарған блогерлердің тізімі пайда болды. Stan.kz тілшісі өнер өкілдерін әбігерге салған қаржы мәселесіне қатысты өздерінің пікірін біліп көрді.
Желіде салықтан жалтарды деген бірқатар өнер өкілдерінің тізімі тарады. Болжам бойынша, құжатта блогерлер мен әншілердің ақша айналымы туралы ақпарат жазылған.

“Бухгалтерімнің қанын ішемін”
Тізімде көрсетілгендердің ішінде танымал тележүргізуші, продюсер Ләйлә Сұлтанқызы бар. Ол салықты заңды түрде төлеп отырғанын айтады.
“Мен кейінгі 5-6 жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің оборотым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген “Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы Қазақстан Республикасының заңына сай” толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бейжай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де (бухгалтер) растай алады. Кәдімгідей қандарын ішемін. Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауға да тиіс. Ол әлеуметтік саланың бірден-бір қайнар көзі”, – деп жазды журналист.
Кейбір тұлғалардың кесірі де болуы мүмкін”
Блогер-жиһанкез Өркен Кенжебек мемлекеттің іс-әрекетінде “мейірім” жоқ екенін айтты. Блогер берешек болғандардың тізімінде бар екенін растаса да, нақты қанша теңге қарыз екенін айтудан бас тартты.
“Маған да салық комитетінен хабарлама келді. Бірақ ол жердегі нақты қарыздың қанша екенін айта алмаймын. Тіпті, айтуға да келмейді. Біріншіден, бұл бекітілген сома емес. Мемлекеттің жасап отырғаны блогерлерге қысым көрсету деп ойламаймын. Олар көзге көрініп жүрген тұлғалардан бастады. Жалғыз тек әншілер мен блогерлер деп бөлуге келмейді. Арасында тамада мен такси жүргізушісі де бар. Әркім әртүрлі жолмен ақша табатыны анық. Бірақ салықтан жалтармау керек. Қоғамның шулап жатқанын да түсінуге болады. Кейбір тұлғалардың кесірі де болуы мүмкін. Жеке ойым, қандай да бір кемшілік болып жатса, алдымен ескерту керек еді. Мемлекеттің мұндай мәселеге мейіріммен қарағаны дұрыс деп ойлаймын. Қорқытпай, үркітпей түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек еді”, – деп жауап берді желі белсендісі.
“Бірінші мамандығым – заңгер”
Танымал әнші, кәсіпкер Аша Матай бірінші мамандығы заңгер болғандықтан, іс-қағаздарға мұқият екенін алға тартты.
“Жалпы, менің отбасымда заң саласын меңгергендер көп. Өзімнің де бірінші мамандығым заңгер болғандықтан, құжаттарға мұқиятпын. Халықты шулатып жатқан салық комитетінен маған хабарлама келген жоқ. Жолдасым Арманның да жеке кәсібінде салық төленбей қалған кезі болған емес. Ай сайын салығымызды төлеп жатырмыз деп айта аламын. Соңғы кезде шу болып жатқанын естідім. Уақытында салық төлеп тұрса, мүмкін мұндай қарыз мойындарына ілінбейтін еді. Өз басым қоғам қызу талқылап жатқан мәселелерден қашып жүруге тырысамын. Осы жағдайдың тез шешімін тапқанын тілеймін”, – деді Аша Матай.
“Кірісті төмендетіп” есеп тапсырған блогерлер жазаланады
Сондай-ақ заңгер Бағдат Амандосұлы “салық комитетінің есебінен қате кетуі мүмкін бе?” деген сұраққа жауап берді.
“Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, салық органдары салық сомаларын есептеу кезінде қате жіберуі мүмкін. Алайда мұндай қателер заң аясында түзетілуге тиіс. Егер салық төлеуші есептелген соманың дұрыс емес екенін байқаса, ол алдымен салық органына түсініктеме беру туралы сұраныс жібере алады. Қате салық органының кінәсінен кетсе, артық төленген сома салық төлеушіге қайтарылады немесе келесі салық төлемдеріне есепке алынады. Қазақстанның Жоғарғы сотының тәжірибесінде де салық төлеушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі істер жиі қаралады. Көп жағдайда сот шешімдері олардың пайдасына шешіледі”, – деп жауап берді заңгер.
Заң маманының сөзінше, “кірісті төмендетіп” есеп тапсырған блогерлер мен фрилансерлерді жауапкершілікке тартып, жаза күтіп тұрғанын айтты.
“Блогерлер мен фрилансерлер де Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде салық төлеуге міндетті. Егер олар кірістерін төмендетіп көрсетсе немесе мүлдем жарияламаса, онда бірнеше деңгейдегі жауапкершілік қарастырылады: Әкімшілік жауапкершілік – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 275-бабына сәйкес, салық декларациясын дұрыс толтырмағаны үшін айыппұл салынады. Егер салық төлеуден жалтару аса ірі мөлшерде жасалса, онда Қылмыстық кодекстің 245-бабына сәйкес, айыппұл, мүлкін тәркілеу немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Одан кейін блогерлер салықтан жалтару туралы ақпарат таратып, басқа азаматтарды да осыған итермелесе, олардың қызметіне шектеу қойылады немесе айыппұл салынады. Министрлік пен мемлекеттік органдар бұл мәселе бойынша бірнеше рет ресми түсіндірме берген. Олар цифрлық кәсіпкерлер мен блогерлерді заңды түрде салық төлеуге шақырады. Өйткені жасырын кірістер анықталған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын ескерткен”, – деді заң саласының өкілі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!