SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, соңғы жылдары қазақстандық шоу-бизнес өкілдері жеке шай брендтерін шығара бастады. Бұл бағытта алғашқылардың бірі – Димаш Құдайберген. Ол 2018 жылы «Dimash» брендімен шай таныстырған. Кейін бұл қатарға Төреғали Төрәлі, Нұргүл Мыңғатова мен Динара Майғазиева қосылды. Шай өндірісінің айналымы туралы Kursiv.media жазды.

Жуырда Динара Майғазиева «Dinara» деген атаумен шай шығара бастағанын мәлімдеді. Бұған дейін «Келінжан» телехикаясының актрисалары «Келін шай» өнімін таныстырса, кейін Нұргүл Мыңғатова «Балқия» атты жеке брендімен шықты.

Шай шығару қанша тұрады?

Алматыдағы компаниялардың бірі 100 грамм қара шайды орта есеппен 1500 теңгеге дайындайтынын айтады. Көк шай – 1200 теңге шамасында. Баға тапсырыс көлеміне байланысты өзгереді. Қаптама мен дизайнды тапсырыс беруші өзі әзірлесе, шығын азаяды.

Кәсіпкерлерге арналған «KazBad» компаниясы толық циклді қызмет ұсынады: шайды орап, құжатын жасап, өнімді сатуға толық дайын күйге жеткізеді.

Шай нарығын кімдер ұстап отыр?

Қазақстанда шай өндірісіндегі ірі компаниялардың бірі – «Tea House». Кәсіпорын «Ассам», «Индира», «Симба» және «Наурыз» брендтерімен танымал. 2023 жылы бюджетке 666 млн теңге салық төлеген. Шикізатты Үндістаннан тасымалдайды.

Тағы бір ірі ойыншы – «Чайный центр» компаниясы. «Rithce», «Сафари», «Той», «Табо» брендтерімен жұмыс істейді. Нарықтың шамамен 7 пайызын қамтиды. Шикізат Кения, Үндістан, Қытай және Вьетнамнан жеткізіледі.

Beta Tea мен Champion шайларының артында түркиялық өндіруші тұр. Қазақстанда бұл брендті «Мир.Чай» ЖШС сатады. Компания салық органдарына жыл сайын ондаған миллион теңге аударып отырады.

Нарықтық әлеует қандай?

Сарапшылардың айтуынша, шай – сақтау мерзімі ұзақ, күнделікті тұтынуға арналған өнім. Бұл оны шағын және орта бизнес үшін тартымды етеді. Сонымен қатар, жеке брендпен шығару сәні бұл нарықты әрі қарай да жандандыруы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!