Қазақстандық ауыр атлет Ксения Прозорова Лимада (Перу) өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
15 жастағы қазақстандық спортшы тәжірибелі қарсыластарынан 9 келіге алда болды. Соңғы мүмкіндігін орындаудан бас тартты – оған қажеттілік болмады. Ксения Прозорованың нәтижесі – 199 келі (91+108).
59 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша қыздар арасындағы ауыр атлетикадан әлем чемпионатының нәтижелері:
- Ксения Прозорова (Қазақстан) – 199 келі
- Маржона Абдумуталова (Өзбекстан) – 190 келі
- Полина Павлович (Ресей) – 189 келі
«Былтырғы чемпионатпен салыстырғанда, бұл жолы бәсеке күштірек болды. Әсіресе ресейлік пен өзбекстандық спортшы айтарлықтай бәсекелестік көрсетті. Бірақ біз толық күшімізді салмадық – бұл нәтиже үйде көтергеннен 10 келіге аз.
Үшінші және алтыншы кезектен бас тарттық, себебі оған қажеттілік болмады. Жалпы айтқанда, жеңісті «ойнап жүріп» алдық деуге болады», – деді спортшының бапкері Азамат Нұруллаев Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Ксения Прозорова Алматы облысындағы Қараой ауылында дүниеге келген және сонда тұрады. Ол 13 жасында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы атанса, 14 жасында бұл жетістігін қайталаған. Лимадағы алтын – оның әлемдік деңгейдегі алғашқы чемпиондығы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!