Фото: ҰОК
KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 18 жастағы Әмір Омарханов жұптық сында Манакор (Испания) ITF M15 турнирінде топ жарды.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Ә.Омарханов америкалық Гэвин Янгпен бірге төрт матч өткізді.
Қазақстандық-америкалық дуэт жартылай финалда ұлыбританиялықтар Джо Литер — Маркус Вальтерстен 6:2, 6:3 есебімен басым түсті.
Соңғы бәсекеде аустралиялық Тай Хост — ресейлік Егор Плешивцевпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партия 7:5 есебімен аустралиялық-ресейлік жұптың еншісіне жазылды.
Екіншісінде Омарханов — Янг есе қайырды — 6:3. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 10:8.
Әмір Омарханов жекелей сында екінші айналымда тартысты матчта болгариялық, 17 жастағы Иван Ивановқа жол берді — 5:7, 7:6 (7:3), 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының алғашқы матчында жеңіске жеткенін жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Үндістандағы жарыста топ жарды.
Аустралия чемпионатында Елена Рыбакина төртінші айналымға жолдама алды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!