Кубалық боксшы Йоэнлис Эрнандес (9-0, 8 КО) орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін кіммен болса да жекпе-жек өткізуге дайын тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Х әлеуметтік желісінде бокс туралы жазатын bharski есімді блогер оның оқу-жаттығу жиынында жүргенін айтты. Кубалық боксшы кез келген нұсқада чемпиондық айқасқа шығуға белсеніп отыр.
– Йоэнлис Эрнандес қазір толық дайындық кезеңінде. Ол биыл алғаш рет титул үшін жұдырықтаспақ. Қай қарсыласқа да дайын: Адамес, Лара немесе Жәнібек. Йоэнлистің өзі: «Чемпиондармен жекпе-жекке қай кезде де дайынбыз» дейді», – деп жазды bharski.
Айта кетейік, қазіргі уақытта орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына тиесілі. Десе де, «Қазақ стилі» допинг дауына ілігіп, соңғы шешімді күтуде. Келесі аптада В сынамасының нәтижесі жариялануы керек.
WBC белбеуі доминикандық Карлос Адаместа болса, WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атақ тәжірибелі Эрисланди Ларада.
Негізінен Эрнандес кәсіби рингтегі жолын 4 жыл бұрын ғана бастады. Әуесқой бокста 2 дүркін әлем чемпионы деген атағы бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
