1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Олимпиадада 50 шақырымға классикалық әдіспен жарысудан Владимир Смирнов көк туымызды көкке көтеріп, қазақ халқына алтын медаль сыйлаған болатын. 32 жыл артта қалды. Осы уақыт аралығында қазақ спортшылары қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын медаль қоржынға салмады.

… 2026 жыл. 14 ақпан. Италия елінде ХХV қысқы Олимпиада ойындары. Әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылары мұз үстіне беттеді. Бұл қатарда біздің мақтанышымыз Михаил Шайдоров та бар. Кезегі келіп мұз үстінде сырғанап сурет салған сары баланың өнері көпті тәнті етті. Көрермен ыстық ықыласын жеткізді. Бірақ бағдарлама қорытындысымен 92,94 ұпай жинап, бесінші орыннан табылды. Ал еркін бағдарламада спортшымыз төрешілердің шешімімен 198,64 ұпай жинап, жалпы есепте 291, 58 ұпайға қол жеткізді. Осылайша алтын бала қазақ халқына 32 жыл күткен алтын медальді сыйға тартты.

Өткенге көз тастасақ, мәнерлеп сырғанау десе, ел аузына бір ғана спортшы келетін. Ол Денис Тен еді. Білесіз бе, келместің кемесінен орын тапқан спортшымыз да 2014 жылы Сочиде өткен қысқы ойындарда өнер көрсетуге 14 ақпан күні шығып қола жүлдеге қол жеткізген. Бұл сәйкестік пе?

Михаил басты бәйгеге бас қояр алдында әлеуметтік желідегі бейнежазбасы ел жүрегін елжіретті. Онда Михаил Дениске қарап тамсанып тұрғаны бейнелеген. Осы тұста спорт сарапшысы Шамкен Байырбектің сөзінше, Миша жарыстағы үлкен қысымды жеңе білді.

– Михаил Шайдоров алғашқы қысқа бағдарламаны жинақы, қатесіз, таза сырғанады. Әрбір элементті сенімді орындап, техникалық тұрғыдан мінсізге жуық өнер көрсетті. Соған қарамастан, алған ұпайы сәл төмендеу болды. Шынын айтқанда, бұдан да жоғары баға беруге толық негіз бар еді. Дегенмен төрешілер тарапынан белгілі бір «сараңдық» байқалғандай әсер қалдырды. Жалпы, мәнерлеп сырғанау – субъективті спорт түрі. Бағалау кезінде тек техника ғана емес, әсер, бедел, жарыс қожайыны факторы да рөл ойнайтыны жасырын емес.

Төртінші орын алған италиялық спортшы Даниэль Грассльтен асырмайтындай есеппен ұпай қойылғандай көрінді. Михаил бесінші орынға тұрақтағанда, медальдан алыстап кеткендей әсер болды. Алайда бұл оның алғашқы Олимпиадасы екенін ескерсек, ол қысымды керемет еңсере білді, – дейді Шамкен Байырбек.

Жарыстың қорытындысы бойынша екінші орынды атағы жер жарған жапониялық Юма Кагияма иеленді. Олимпиадалардан бірегей күміс алып жүрген спортшыдан халық үлкен нәтиже күтті. Дегенмен күміс медаль да жаман нәтиже емес. Ал үздік үштікті тағы да бір жапондық Шун Сато түйіндеді. Иә, бәрінің бұл жарысты үлкен таңғалыспен қарағаны рас. Себебі соңғы жылдары өз қарсыластарына дес бермей, 4 аксельдің каролі атанып кеткен Илья Малинин өрескел қателіктерінің кесірінен жүлдесіз қалды. Қаншама болжамдар осы Ильяның жеңісіне бағытталған еді. Дегенмен бұйырғаны сол. Спорттың аты – спорт. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.

Күдіктенгендер көп болды

Миша қысқы Олимпиада ойындарына алғашқы рет қатысып отыр. Сондықтан бәйге басталмай тұрып, сары бала медальға таласа алмайды деген күмән көп болды. Бірі үздік 5-тен көрінеді десе, бірі кем дегенде қолаға қанағат тұтуымыз керек десті. Спорт сарапшысы Шамкен Байырбек те спортшының өнер тамашалап отырып, алған әсерін жасыра алмады.

– Тікелей эфирде жүргізіп отырып, өзіміз де сенбей қалдық. Алғашында қола медальға қанағат тұтып отырған едік. Күміс анықталған сәтте студияда эмоциямызды жасыра алмадық. Ал алтын жарияланған кезде қол-аяғымыз дірілдеп кетті. Сол кездегі тарихи сәттің куәсі болғаныма қатты қуаныштымын. Меніңше, Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан жүлде алу – қысқы спорт түрлерінің ішіндегі ең беделді жетістіктердің бірі. Өйткені бұл Олимпиада бағдарламасына ежелден енген, ең көркем, ең әсем, бекзат спорт түрі. Оның үстіне сұранысы да жоғары. Финал билеттерінің құны 750 еуродан басталғаны – соның айқын дәлелі. Бұл Олимпиададағы ең қымбат спорт түрлерінің бірі болды. Одан бөлек, аренаның лық толуы, Михаил алтын алған сәтте әлеуметтік желілер мен әлемдік басылымдардың жарыса жазуы жеңістің маңызын еселей түсті, – деді ол.

Дода аяқталды. Таблодағы тізімнің көшін Михаил Шайдоров бастап тұр. Ол өзі де мұндай тарихи сәтті таңбалағанына сенбей көзіне жас алып, қуанышымен бөлісті.

– Шынымды айтсам, әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Мен бұл Олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Маусым бойы бар ойым өз ісімді адал атқару болды. Енді еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұл медальды Қазақстан халқына арнаймын.

Қолдау керемет болды. Әлеуметтік желіге кіру мүмкін болмады. Трибунадағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілді. Бәрі кино сияқты. Әзірше не болып жатқанын толық сезініп үлгермедім.

Бұл медаль мен үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалаймын. Сол үшін бар күшімді саламын. Жағдай жасалып, жастарға мүмкіндік берілсе екен деймін.

Менің медалім Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Қазақ мәнерлеп сырғанауының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын, – деді Олимпиада чемпионы.

Аламанда асығы алшысынан түсті

Біреу білсе, біреу білмес, Михаил Шайдоров – әкесінің жолын қуған жігіт. Әкесі – Станислав Шайдоров, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ұлының алғашқы бапкері. Михаил ең алғаш 2010 жылы мәнерлеп сырғанауды бастады. Дәл осы сәттен оның үлкен спорттағы жолы басталған. Әкесі оған тек техниканы ғана емес, тәртіп пен мінезді, еңбекқорлықты да үйретті. Кейін әкесінің бастамасымен Михаил Сочиге қоныс аударып, олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың жетекшілігімен жаттыға бастады. Бұл шешім оның кәсіби деңгейге көтерілуіне айтарлықтай ықпал етті. Міне, осылайша, 2026 жылғы Олимпиада алтынына апарар жол 16 жылға созылған екен. Мұндай ұзақ әрі ауыр жолды кез келген адам еңсере алмайды. Әсіресе, алты жасқа толмай жатып коньки киген баланың әлемдік биікке көтерілуі күнде кездесе бермейтін құбылыс.

Олимпиада да Михаилдың басты қаруы төрт айналымды бес секіру болды. Ол үштік аксель – ойлер – төрттік сальхов каскадын, төрттік лутц, төрттік тулуп, төрттік флип, сондай-ақ төрттік тулуп – үштік тулуп каскадын сәтті орындады. Нәтижесінде, еркін бағдарламада 198,64 ұпай жинап, қос сайыс қорытындысында 291,58 ұпаймен қарсыластарын артта қалдырды. Қазір Шайдоров алтын медаль жеңіп алғаннан кейін Халықаралық конькимен сырғанаушылар одағының (ISU) рейтингісінде 4961 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.

Михаил Шайдоровты Олимп шыңына жетелеген бапкер, даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы Алексей Урманов «Мишаның жай ғана жолы болып кетті» деген сұраққа былай деп жауап берді:

– Біріншіден, шын мықтылардың ғана жолы болады. Екіншіден, басқалардың қалай өнер көрсеткеніне, не істегеніне біз жауапты емеспіз. Олар мұны өздері істеді ғой. Михаил Шайдоров абсолютті түрде, шынайы күресте 100-200 емес, миллион процент жеңіске жетті. Ауысымдағы ең басты сын Милан мен Кортинада өткен Олимпиада ойындары болды. Бар күш-жігерімізді дәл осы додаға бағыттадық. Негізгі мақсат Олимпиадада жоғары нәтиже көрсету еді. Соған жеттік те. Ал маусымның басындағы турнирлердің мәні неде? Олар – ізденіс пен талдау кезеңі. Қай элемент жүріп тұр, қайсысы шикі, қандай бағдарлама спортшыға көбірек ашылады – осының бәрін саралайтын уақыт.

«Scate America» турнирінен кейін біз өткен маусымдағы «Дюна» бағдарламасын қайта алып шығу жөнінде шешім қабылдадық. Себебі жаңа қойылымның толық ашылмай жатқанын, техникалық әрі эмоциялық тұрғыда еркін сырғанауға кедергі келтіріп тұрғанын түсіндік. Бұл – спорттағы қалыпты үдеріс. Тек Шайдоров емес, әлемдегі талай мықты фигурист қажет кезінде бұрынғы сәтті бағдарламасына қайта оралып жатады, – дейді Алексей Урманов.

Италия елінде дода жалғасып жатыр. Мишаның алтынынан кейін тағы бір медаль алсақ деген дәмеміз бар. Ендігі бар назарымыз – шорт-трекші Абзал Әжіғалиевте. Жеңісті жорығымыз сәтімен болсын!

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!