Фото: DW
Солтүстік Кореядағы Пхеньян халықаралық марафонына шетелдік спортшылар да қастысты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Бұл – 2019 жылдан бері алғаш рет шетелдік жүгірушілердің жарысқа қатысуы. Қытай мен Румыния секілді елдерден келген шамамен 200 шетелдік спортшы жергілікті қатысушылармен бірге Солтүстік Корея астанасының көшелерімен жүгірді.
2019 жылы бұл марафонға 950-ге жуық шетелдік қатысқан. COVID-19 пандемиясы басталғалы Солтүстік Корея шекарасын толықтай жауып, өте баяу түрде қайта ашып жатыр.
Марафон КХДР негізін қалаушы Ким Ир Сеннің туған күніне (15 сәуір 1912 жыл) арналған басты мемлекеттік мерекелердің біріне орай ұйымдастырылды. Ол – қазіргі ел басшысы Ким Чен Ынның атасы.
«Пхеньян марафоны – ерекше тәжірибе, себебі ол жергілікті тұрғындармен араласуға сирек мүмкіндік береді. Солтүстік Корея – күрделі әрі қызықты ел. Әрине, ол бәріне жарамайды, бірақ бұл жабық қоғамға еніп, өз көзіңмен көргісі келетіндер үшін таптырмас орын», – деді марафонға саяхат ұйымдастыратын пекиндік Koryo Tours компаниясының басшысы Саймон Кокерелл.
Жарыс Ким Ир Сен стадионында басталып, сол жерден қала көрнекіліктерін айналып өтіп, қаладан тыс аймақтарға дейін созылған маршрут бойынша өтіп, қайта сол стадионда аяқталды. Жарысқа 50 мың көрермен жиналды.
Пхеньян марафоны – World Athletics (Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығы) сайтында көрсетілген Солтүстік Кореядағы ең ірі халықаралық спорттық шара.
Мұндай іс-шараларға қарамастан, КХДР ядролық бағдарламасы, зымыран сынақтарына қатысты келісімдерді жиі бұзуы, химиялық қару қоры және Ресейдің Украинадағы соғысын қолдауы себепті халықаралық оқшаулануда қалып отыр.
Тоталитарлы әрі жабық мемлекетке көптеген халықаралық санкциялар салынған. Amnesty International секілді құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, елдегі адам құқықтарының жағдайы әлемдегі ең нашар деңгейде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!