Қазақтың Абаты қазір Түркияның «Адана Демирспор» командасында доп теуіп жүр. Қазақстан ұлттық құрамасы мен астаналық «Астана» сапында ерекше көзге түскен шабуылшы өткен жылы түрік ағайындардың клубымен келісім шартқа отырған.
Қазіргі Абат Айымбетовтың командадағы ойыны мәз емес. Өйткені кейінгі бірнеше ойында қазақ футболшысын жасыл алаңнан көре алмай келеміз. Оның агенті саналатын румыниялық маман Траян Гергишан мұны себебін түсіндіріп берді.
Айтуынша, Абат аяғынан жарақат алып, қазір емделу процесінен өтіп жатыр. Клуб бапкері мен басшылары оның қалыпқа келуін жылдамдатпай, саты-сатымен өтуін мақұл көріпті. Яғни, «Бас бапкер ойыншыға үлкен үміт артып отыр» дейді агент.
Абат Айымбетовтың түркиялық клубқа ауысуына Траян Гергишан себепкер болған. Биылғы маусымда қазақ аяқдопшысы «Адана Демирспор» сапында нәбәрі үш ойын өткізіп, бірде-бір гол соға алмады. Клуб небәрі 1 ұпаймен турнир кестесінің ең соңғы сатысында келеді.
Жат елдің жасыл алаңында доп теуіп жүрген қандастардың саны саусақпен санарлық. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған олардың үздік нәтиже көрсеткені біз үшін де үлкен қуаныш.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!