SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы (IFFHS) әлемдегі ең мықты 500 футбол клубының жаңартылған рейтингін жариялады. Аталған тізімге Қазақстаннан небәрі бір ғана клуб — алматылық «Қайрат» енді.

Алматы командасы 90,75 ұпай жинап, рейтингте 240-орынға тұрақтады. Осылайша «Қайрат» қазақстандық футбол клубтары арасынан жалғыз өзі әлемдік деңгейдегі тізімге ілінді.

IFFHS рейтингінің алғашқы сатысына Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы көтерілді. Екінші орында — мадридтік «Реал», ал үздік үштікті Лондонның «Челси» клубы түйіндеді.

Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековтің жеке көрсеткіштері де халықаралық деңгейде жоғары бағаланған болатын. Беделді SofaScore порталы 2025/26 маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы турдан кейін футболшылардың жаңартылған рейтингін жариялап, оның көш басына қазақстандық қақпашыны шығарды.

Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Пафос», «Копенгаген», «Олимпиакос» және «Интерге» қарсы төрт матч өткізіп, сарапшылардан орта есеппен 8,9 балл алды. Бұл көрсеткішпен ол мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппеден (8,34 балл) және «Галатасарай» ойыншысы Виктор Осимхеннен (8,33 балл) озып шықты.

Сонымен қатар Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасында матчтың үздік ойыншысы (MVP) атанған алғашқы қазақстандық футболшы ретінде тарихқа енді. Ол бұл жетістікке алтыншы турда Астанада өткен «Олимпиакосқа» қарсы ойыннан кейін қол жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!