«Евразия» спорт кешені демалыс күндері қала жастарының басын біріктіреді. Себеп – футболдан әуесқойлар лигасының ұйымдастырылуы. Өткен сенбіде жалауы желбіреген жарыстың биыл ауқымы кеңейген. Әдеттегіден өзгеше өрбіген лиганың тың жаңалығы көп-ақ. Жаңа маусымның жаңа бастамасын лиганың әкімшісі Жанболат Кәденовтен сұрауды жөн санадық.
– Жанболат, аздаған үзілістен кейін қысқы маусымның шымылдығы ашылды. Қала жастарының лигаға қызығушылығы қалай?
– Байқасақ, жыл өткен сайын қатысушы командалардың қатары едәуір ұлғайып келеді. 5 жыл бұрын әуесқой лигада небәрі 10 команда қатысуға ниет білдірсе, бүгінде оның қатары 84 командаға, 2000 ға жуық қатысушыға жетіп отыр. Лига тек қала жастарымен шектеліп жатқан жоқ. Әрбір командада аудан жастарын да кезіктіріп жатырмыз. Тіпті кейбіреуінде сырт қаладан арнайы келіп, қатысып жатқандарды байқадық. Демек, аймақ футболының дамуына аздап болса да үлес қосып жатқанымыз көрінеді. Сонымен қатар Шиелі мен Қазалы ауданында лиганың филиалы ашылды. Шиеліде 10 команда сынға түссе, Қазалыда 14 команда бақ сынауда.
– Лигадан аз-кем тың жаңалық естіп жүрміз. Өткен маусымға қарағанда қандай өзгерістер орын алмақ?
– Жоғарыда айтқанымдай, қатысушылар санының ұлғайғаны біз үшін ең бірінші жаңалық. Сондықтан қосымша «Д» лигасын ашуды қолға алдық. Онда 8 команда топтастырылып, жүлдеге талас жүргізуде. «С» тобында – 17, «В» тобында – 17, «А» тобында – 15 команда болса, «Супер лигада» – 8 команда бар. Соңғысы Қазақстан чемпионаты аясында өтеді, яғни командалар алаңда таза 15 минуттан 2 тайм ойнайды. Маусымның ашылу сәтінде төрттік финал өткіздік. Өткен жылғы чемпиондар мен кубок иегерлері суперкубокқа талас жүргізді.
Нәтижесінде «Абай Дәулет» командасы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар облыстың белді төрешілері қатарымызға қосылды. Лиганың жаңа бас төрешісі болып Жандос Мнажадин сайланды. Жарнамалық бағытты да қолға алып жатырмыз. «DoDo pizza»-мен серіктестік байланыс орнаттық.
– «Супер лиганың» қатысушылары 10 командадан 8-ге азайыпты. Себебі неде?
– Иә, жаңа маусым алдында жаңа ережелер бекітілді. Лиганың элиталы тобына кез келген команданы қоса алмаймыз. Жоғарыда айтқандай футболшылар уақытпен ойнайды. 1 матч кем дегенде 1 жарым сағатқа созылады. Сондықтан уақытты үнемдеу үшін 8 команданың қатарын толықтырмай, бір-бірімен ойнағанды жөн санадық.
– Желтоқсан айында 35 жастан асқан футболшылар арасында республикалық біріншілік өтеді. Аймақ намысын қай команда қорғайды?
– Ардагерлер футболы Қызылордада жақсы қарқын алған. «Достар» командасы ел біріншілігінде екі мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жалпы қызылордалық командалар 35 жастан асқан футболшылардың бәсекесінде фавориттер қатарында. Сондықтан аймақтың бірнеше командасына жолдама беріп отыр. Желтоқсан айындағы жарысқа «Достар», «Адам Арафат», «Альянс», «Отбасы банк» командалары облыс намысын қорғайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!