Бүгінде медицина әлдеқайда алға жылжығанмен, халық еміне жүгінушілер көп. Соның ішінде емдеудің ерекше тәсілі – айкунемен айығуды құп көретін жерлестеріміз аз емес. Жақында Ресейде патенттелген осы айрықша гимнастиканың сырына үңілген едік. Өңірде алғашқылардың бірі болып айкуне орталығының жұмысын жолға қойған Тұмар Темірбекқызымен сұхбатта толығырақ айталық.
– Алдымен айкуненің тарихына тоқталсаңыз…
– Айкуне – қазақтың ежелгі гимнастикасы. Кез келген адам оны үйде немесе кеңседе отырып жасай алады. Нәтижесінде бұлшық етке күш түсіп, қан айналымы қалпына келеді, тән сауығады, ой жинақталады. Мәселен, ежелгі түркі халқы жауынгерлерінің жағдайына ерекше көңіл бөлген. Соның ішінде атты әскерге деген талап күшті болған. Себебі атта дұрыс отырмайтындардың ұзақ сапар кезінде белі, омыртқасы ауырсынған. Сол кезеңде жауынгерлік гимнастикаға көп көңіл бөлінген. 1998 жылға дейін біздің бұл туралы хабарымыз болмады. Тек сол жылы Абай Баймағамбетовтың оны ресми медициналық жаттығу ретінде патенттеуі реинкарнацияға ұшырауына себепші болды. Абай Баймағамбетов 1998 жылы айкуненің алты жаттығуын ойлап тауып, оны ел ішінде жарнамалауға күш салған. Бірақ қолдау таппағандықтан үш айдан соң Ресейге бағыт алады. Осылайша уақыт өте Новосібірдің ҒЗИ-ы айкунені медициналық жаттығу ретінде мойындайды. Ал 2002-2003 жылдары Мәскеуде патент алады. 2005 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік педиатрлық медициналық университетінде айкунені медицинаға енгізу қадамы ойластырылды. Ленинград және Санкт-Петербургта оны ЛФК жаттығулары ретінде қабылдайды. Бүгінде айкуне орталықтары Мәскеу, Омбы, Махачкала, Днепропетровск, Қазан, Минск, Симферополь, Челнах қалаларында бар. Франция, Беларусь, Германия және Үндістан халқы одан хабардар. Қазақстанның бірнеше облысында аталған орталықтар жұмыс істеуде. Мен де арнайы оқытудан өткен соң біздің облыстан осы орталықты аштым. Қарқын жаман емес, осы уақытқа дейін орталыққа 1500-ден астам адам жүгініп, қажетті көмек алды.
– Гимнастиканың мыңдаған түрі бар. Солардың ішінде айкуненің ерекшелігі неде?
– Сабақта денені дұрыс қалыптастыруға ғана емес, омыртқа мен омыртқа арасындағы жарық, остеохондроз, кеуде, бел ауруымен күресеміз. Сонымен қатар бұл жаттығулар есту, көру, тыныс алу мүшелерін жақсартады.Айкуненің әрбір жаттығуы қазақ руларының таңбасына ұқсас және сол рудың атымен аталады. Мұнда екі мыңнан астам тірек қимыл түрлері бар. Олар атқа отыру, малдас құрудың өзі талай ауруға ем екенін растайды.
– Көбіне қандай жаттығулар жасалады?
– Жаттығу әр бұлшық етті қозғалтуға арналған. Өте баяу жасалады. Бірінші омыртқа бұлшық етіне қысым түсіріледі. Сосын омыртқаны барынша созады. Екі жауырынды бір-біріне айқастыруға тырысамыз. Миды да іске қосу керек. Себебі, жаттығуды ой-санамен сезініп орындау маңызды. Нұсқаушының бақылауы қажет. Әр жаттығудан кейінгі статика, тыныштық күйі 3-10 минутқа дейін созылады. Бұл да спорт секілді, үздіксіз жаттығуды талап етеді. Негізінен күніне 20 минутты гимнастикаға арнауды әдетке айналдырған дұрыс. Гимнастика қатерлі ісік, созылмалы, жұқпалы ауруы бар адамдарға ұсынылмайды.
– Үшінші сабақтан соң нәтиже байқалатынын естідік. Қаншалықты рас?
– Неліктен адамдарда омыртқа жарығы протрузиясы және сол секілді проблемалар пайда болады? Себебі басым бөлігі үзіліссіз, бір орында ешбір қозғалыссыз отырып жұмыс істейді. Омыртқаға зақым келеді, ол дене бітімінде айқын байқала бастайды. Ал айкуне осы мәселелермен күреседі. Курстың үшінші күнінде адамның халі жақсарып, бойын тік ұстай бастайды. Көру қабілеті, көңіл-күйі жақсарады. Бұлшық еттерді қозғалту барысында сіңірлер созылады. Жаттығудың арқасында тыныс алатын кеуде бұлшық еті кеңейеді. Денеге оттегі барады. Диафрагма кеңейеді, әрі қан айналым жақсарады, жасарасыз. Бір сөзбен айтқанда, оң өзгерістерге қадам бастайсыз.
– Айкуне жан тыныштығының кілті ме?
– “Айкуне” сөзі ай шуақ шашса, күн жылу береді деген мағынада ай мен күн сөзінің қосындысынан алынған. Бұл жаттығуларды орындау барысында ішкі жан дүниеге үңіле аласыз, тыныштыққа бой алдырасыз. Сондықтан болар, айкунені жан тыныштығының кілті деп айтуға толық негіз бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен: Мөлдір СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!