7 тамыз күні Алматыда «Visa Tour of World Class Almaty 2022» велосипед жарысының өтуіне байланысты жол қозғалысы ішінара шектеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, жыл сайынғы Visa Tour of World Class Almaty велосипед жарысы биыл жетінші рет өткізіледі. Оған шамамен 1 мыңға жуық адам қатысады.

Жарыс таңғы сағат 8:00-де 14 шақырымға балалар стартынан басталады.

«32 және 52 км қашықтықтарға қатысушылар Mega Almaty сауда орталығынан Шығыс айналма автомобиль жолымен (ШААЖ) бағдар бойынша жүріп өтеді, «Halyk Арена» мұз кешенінен өтіп, Рысқұлов даңғылындағы жол айрығында кері бұрылады. 32 км қашықтықтағы атлеттер әл-Фараби даңғылымен жүріп өтіп, Mega Almaty СОО-дан мәреге қарай бұрылады. Ал 52 км қашықтықтағы қатысушылар өз бағдарын әрі қарай Саин көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін жалғастырады. Велосипедшілер бұрылып, Розыбакиев көшесіне жеткен соң, ары қарай мәреге қарай бет алады»,- делінеді хабарламада.

Жарысты ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл трассаның артықшылығы – 180 градусты құрайтын сүйір бұрылыстардың болмауы. Бұл әуесқой велосипедшілердің бағытын жеңілдетпек.


Көлік қозғалысы мына көшелерде шектеледі:

1) Розыбакиев көшесі (Шығыс және Батыс жағы) Левитан көшесінен әл-Фараби даңғылына дейін, 05:00 – 13:00 аралығында.

2) әл-Фараби даңғылы (оңтүстік жағы) Розыбакиев көшесінен Назарбаев даңғылына дейін, 08:00- 09:30 аралығында.

3) әл-Фараби даңғылы (солтүстік жағы) Назарбаев даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейін, 08:10 – 11:20 аралығында.

4) ШААЖ (шығыс жағы) 09:15-тен 09:50-ге дейін

5) ШААЖ (батыс жағы) 09:30-дан 10:40-қа дейін

6) Саин көшесі (шығыс жағы) Розыбакиев көшесінен Рысқұлов даңғылына дейін, 10:30 – 11:40 аралығында.

7) Саин көшесі (батыс жағы) Рысқұлов даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейін, 10:50 – 12:00 аралығында.

Соңғы қатысушы сағат 13.00-ге дейін қашықтықты өткеннен кейін автокөлік қозғалысы толық қалпына келтіріледі.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!