Жыл соңы жағымды жаңалықтармен түйінделгелі отыр. Әсіресе спорт саласындағы соңғы жетістіктер ел мерейін үстем етіп, әлем елдерінің назарын аудартты. Кешегі UFC файтері, жерлесіміз Шавкат Рахмоновтың жеңісінен кейін ел назары Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан бокстан Азия біріншілігіне ауды.

Бірнеше күннен бері шаршы алаңда шыққан қайсар қыздардың жұдырықтасуы мәресіне жетті. Нәтижесінде ел қоржынына бес алтын мен бес қола салған аруларымыз жалпы есепте көш басына шықты.

Ақтық сындарға тоқталсақ,финалға шыққан бес қыздың бесеуі де қарсыластарынан басым түсті. Алғаш болып қыздардың көшін бастап, 60 келі салмақта сынға түскен Виктория Графеева қытайлық Ли Цянды 5:0 есебімен жеңді. Мұнан соң Аида Әбікеева 63 келідегі қарсыласы вьетнамдық Лин Ханы 5:0 есебімен қапы қалдырып, кезекті алтын медальді қанжығасына байлады. Осыдан соң қыздардың ерік-жігері артты десек қателеспейміз. Өйткені 70 келідегі Наталья Богданованың да жергілікті Байсон Маниконды 5:0 есебімен тізе бүктіруі, қазақ қыздарының қайсарлығын бүкіл әлемге паш еткендей болды.

Финалдық бәсекеге шыққан бұрымдылардың қатарында Сыр елінің мақтанышы Гүлсая Ержан да болды. Былғары қолғап шебері 81 келідегі қарсыласы украиналық Карине Айрапетянға мүмкіндік бермей, соққының астына алды. Осылайша ел қоржынына 4-ші алтынды салды. Жоғары салмақтағы қыздардың кездесуін түйіндеген – Елдана Тәліпова. Ол өзбек спортшысы Олтиной Сотимбоеваны жеңіп, жарысты жоғары жетістікпен қорытындылады.

Бұл қыздардың барлығы мансаптарында алғаш рет чемпион атанып отыр. Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихындағы екінші үздік нәтижені тіркеді. Өйткені бұған дейін 2021 жылы 8 алтынмен алдыңғы қатарда болып еді.

Ал Әйгерім Сәттібаева, ЖазираОрақбаева, Ұлжан Сәрсенбек, Милана Сафронова мен Диана Мағауияевалар қола жүлдеге қол жеткізді.

Азия біріншілігінде есте қалған спортшы арулардың ішінде алтыннан алқа тағынғандары емес, қалың қазақтың ерекше ықыласына бөленген бес баланың анасы – Әйгерім Сәттібаева болды. 48 келіде жұдырықтасқан ару ұзақ жылғы үзілістен соң рингке қайта оралып, қола медальді қанағат қылды. Бұл оның спорттық жолындағы Азия чемпионатындағы екінші жүлдесі.

Бұрымды қыздардың белесінен соң жеңісті жорық финалға шыққан ерлер құрамасына жұғысты болсын деп тілектестік білдіргенбіз. Бірақ бұйырғаны – төрт алтын мен бес күміс болды.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!