SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының бұрынғы жаттықтырушысы, америкалық маман Джеймс «Бадди» Макгирт қазақстандық боксшымен неге жұмысын тоқтатқанын ашық айтты. Ол қаржылық келіспеушілікке байланысты ынтымақтастық үзілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Sports.kz жазды.

«Шынымды айтсам, олар мені ақша жағынан алдамақ болды. Біз бастапқыда белгілі бір сомаға келісіп едік. Бірақ Жәнібектің жекпе-жектері үлкейіп, гонорарлары артқан сайын, маған тиесілі ақы күрт азайды. Бұл бетке түкірумен бірдей болды», — деді Макгирт MillCity Boxing-ке берген сұхбатында.

Бапкердің айтуынша, ол Әлімханұлымен мансабының алғашқы кезеңінде, алты раундтық айқастарда бірге жұмыс істеген. Бірақ чемпиондық деңгейге шыққанда ұсынылған жаңа шартты қабылдаудан бас тартқан.

«Маған: “Сен бізге отбасыңдайсың” дейді, бірақ артынан ақыны қысқартып, азғантай ақша ұсынды. Бұл дұрыс емес», — деп қосты америкалық маман.

Жәнібек Әлімханұлы 2023 жылы Бадди Макгиртпен жолдарын айырғаннан кейін жаттықтырушы ретінде танымал Брайан Вилорияны таңдаған. Дәл осы ауысымнан соң ол неміс боксшысы Винченцо Гуальтьериді жеңіп, чемпиондық белбеулерін біріктірген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!