Соңғы жылдары қазақ футболының аяқалысы көңіл қуантып келеді. Байрақты бәсекедегі жеңісті сәт ел мерейін көтерсе, ойыншылардың кәсіби өсуі саланың даму деңгейінен хабар беруде. Мәселен, жуырда қазақстандық футболшы Бахтияр Зайнутдиновтың түркиялық «Бешикташ» командасына ауысуы осы үрдістің әлі де жалғасқанын білдіргендей.

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтияр Зайнутдинов жемісті жолы отандастар назарында. Алғашында оның команда ауыстырған туралы жаңалық тараса, кейін Ыстанбұлға қоныс аударғаны да белгілі болды. Көп өтпей, жанкүйер көкейіндегі сауалға «Бешикташ» баспасөз қызметі жауап берді. Клубтың инстаграм парақшасында арнайы ақпарат жарияланып, негізгі жаңалық айтылды:

«Қазақстандық футболшы Бахтияр Зайнутдинов біздің клубпен трансферлік келіссөзді аяқтау үшін Ыстанбұлға келді. Зайнутдиновты біздің вице-президент Серхан Четинсай әуежайдан қарсы алды», — деп жазады инстаграмда.

Қазақстандық футболшы 2020 жылдан бері Мәскеудің ЦСКА клубында ойнады. Үш жылда ЦСКА үшін 83 матч өткізіп, 7 гол соқты. Содан болар, өзге елдегі клубтар болашағынан үміт күттіретін спортшыны өзіне алуға әрекет жасады. Тіпті, түрікиялық БАҚ «Бешикташ» Бахтияр Зайнутдинов үшін мәскеулік ЦСКА-ға 4,5 миллион еуро төлейтінін жазған болатын. Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, Зайнутдиновтың трансферлік құны 6 миллион еуроны құраған. Қазақстан құрамасы ойыншысы жаңа клубында жылына 1,2 млн еуро жалақы алады. Келісімшарт 2027 жылдың жазына дейін жалғасады.

Айта кетерлігі, Зайнутдинов Түркия чемпионатында легионер болып саналмайды. Жаңа ережелер бойынша суперлиганың әрбір қатысушысы 14 легионерден басқа түркітілдес елден, яғни Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан немесе Өзбекстаннан келген бір футболшыны қосымша мәлімдей алады.

«Мен өте қуаныштымын! «Бешікташ» – тарихы терең мен өте жақсы жанкүйерлері бар клуб. Менің Инстаграм парақшамда «Бешікташ» жанкүйерлерінен көптеген хабарламалар болды. Мен өте қуаныштымын!», – деді Бақтиер.

Командаға қабылданғанына ай толмай Зайнутдинов алаңға шықты. Ол «Бешикташ» командасының сапындағы алғашқы ойынын өткізіп, оған қоса шешуші гол соғуға қол жеткізді. Тарихи сәт «Бешикташ» пен Украинаның «Динамо» клубы арасындағы ойында орын алған. Қос команда конференция лигасы плей-офф кезеңінің алғашқы ойынында кездесті.

Бухаресттің «Джулешти» стадионында өткен матч қызу талқы тудырды. Кездесуде «Бешикташ» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Сондай-ақ «Бешиктас» сапында Винсент Абубакар (40-шы, пенальтиден) пен Омар Колли (64-ші) гол соқса, «Динамо» сапында Николай Шапаренко (60-шы) мен Назар Волошин (66-шы) гол соқты. Команданың қарымта кездесуі 31 тамызда Ыстамбұлда өтеді. Еске салайық, бұл кездесудің жеңімпазы Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді.

Кездесу барысында Зайутдинов 95-минутта қарсылас команда қақпасын дәл көздеп, жеңіс алып келді. Ол алаңға екінші тайм барысында Артур Масуакуды алмастырып шыққан еді. Дебют сәтті болып, отандасымыз 95-минутта жеңіс голын соқты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!