фото: видеодан скрин

Париж Олимпиадасында дзюдодан алтын жүлде иеленген Елдос Сметов өзін сынап жатқан халыққа жауабын берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “GAP” подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сметов чемпион болғаннан кейін ешқандай сын-пікір болмайды деп ойлағанын жеткізді. 

“Әлеуметтік желіге қарамайын десем де, әйтеуір бір қарап қоямын. Қазір олимпиада чемпионы болдым. Чемпион болғаннан кейін ештеңе жазылмайтын шығар деп ойладым. Бірақ әлі жазып жатыр екен. Менің жүріс тұрысым, келіншегім артымда келе жатыр ма, алдым да келе жатыр ма, анам жанымда келе жатыр ма әйтеуір көп нәрсе жазылыпты. Енді ел алдына қалай шығайын, өзімнің жеке басымның қуанышы”, – деді Сметов. 

Бұған дейін, желіде Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің өзінің құрметіне ұйымдастырылған кеште анасымен қол ұстасып шыққан видеосы тараған еді. Олимпиада чемпионы анасының бұл әрекетін Роза Әшірбаева сынға алды. Ол Сметовтің әйелімен емес анасымен қол ұстасып шығуын сынға алып, пікір білдірді. 

“Қорықпа балам, мамаң келеді қасыңда. Батыл қыздарға емес, “бөпе” жігіттерге күлу керек”, – деді Роза Әшірбаева. 

Ал желі қолданушыларының Елдос Сметовтің анасының бұл әрекетіне түрліше пікір қалдыруда. Бірі одан еш әбестік көрмегенін айтса, енді бірі Сметовтың анасының әрекетін дым көрмегендікке балады.

“Біртүрлі екен, Келіншегімен шығу керек қой. Ал анасы мен әкесі бірге шығуы керек”, “Жары емес қой оны өсірген. Елдосты өсірген, қолдау көрсеткен анасы. Жарты жолдан тастамайтын да ана ғой”, “Бойдақ болса бір жөн. Бес баласы бар. Өмірлік жарымен шыққаны дұрыс қой”, “Ата-анасымен қол ұстасып бірге шыққаны әлдеқайда әдемі көрінетін еді. Әкесінің артында келе жатқаны біртүрлі ерсі көрінеді”, “Осы жетістікке жеткізген анаңды ертпей, басқа кімді ертіп шығасың”, – деді олар. 

Айта кетейік, бұған дейін Елдос Сметов Париж олимпиадасында 60 келі салмақта топ жарып, дзюдо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы және үш олимпиада жүлде алған алғашқы қазақ атанған еді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!