Биылғы маусым «Арсенал» үшін өте сәтсіз басталды. Осы ретте лондондық клубтың сәтсіздігіне себеп болған жағдайларды
анықтап көрейік.
ында соңғы 74 жыл бойы АПЛ-де өнер көрсетпеген «Брентфордтан» (2:0), кейін «Челси» (0:2) мен «Манчестер Ситиден» (5:0) жеңілді. Десе де, «канонирлердің» еншісінде бір жеңіс бар. «Арсенал» өткен маусымды сегізінші орынмен аяқтағандықтан, Англия лигасы кубогіндегі жорығын 1/32 финалдан бастады. Бұл айналымда Чемпионшип өкілі «Вест Бромвич Альбионды» 6:0 есебімен жеңді. Әзірге «Арсеналдың» жалғыз қуанышы осы ғана.
Жазғы трансферде ең көп қаржы жұмсаған клуб
«Арсенал» трансферлік кезеңде басқа командалармен терезесі тең деңгейде жұмыс істеді. Англия құрамасының қорғаушысы Бэн Уайт пен қақпашы Аарон Рэмсдейл, Норвегия құрамасының капитаны Мартин Эдегор мен португалиялық қорғаушы Нуну Таварешті және Альберт Самби Локонго есімді жас талантты қатарға қосты.
Рэмсдейл ең қымбат қақпашылардың тізімінде 9-орында тұр. «Арсенал» «Шеффилд Юнайтедке» екі маусым қатарынан Премьер-лигадан ұшып кеткен қақпашы үшін бонустарды есептемегенде 28 миллион еуро берді. Бұған дейін олар талантты Леноға 25 миллион еуро төлеген еді, содан кейін Аргентина құрамасының негізгі қақпашысы Эмилиано Мартинесті «Астон Виллаға» 17,4 миллион еуроға жіберді. Ал ол «Вилланың» негізгі қақпашысы атанып, өткен маусымда 14 матчта қақпасына гол жібермеді және жазда Аргентинамен бірге Америка кубогын жеңіп алды. «Канонирлер» осы тұста үлкен қателік жіберді. Әрине, қаржы жағынан. Жаңа қақпашы Рэмсдейл маусым бойы «Шеффилдтің» негізгі қақпашысы болды.
Ал «Англия» құрамасының қосалқы құрамында отырған «Брайтон» қорғаушысы Бэн Уайт үшін 58,5 миллион еуро төлейді деп кім ойлаған? Клубтың адал жанкүйерлері Уайт үшін 58,5 миллион еуро тым көп ақша деп санайды. Иә, қазір барлық командалар екінші ван Дейкті іздеуде. «Манчестер Юнайтед» Магуайр үшін 87 миллион еуро берсе, «Тоттенхэм» Кристиан Ромеро үшін 55 миллион еуро, ал «Манчестер Сити» Рубен Диаш үшін 68 миллион еуро төледі. Бұл жерде өзінің бағасын ақтап жатқан ойыншы ретінде Диашты ғана атауға болады. «Арсенал» Уайт пен Рэмсдейлден басқа Эдегорды да қатарға қосты. «Реал Мадридпен» келіссөздер жүргізіп, норвегиялық футболшыны 35 миллион еуроға сатып алды. «Бенфикадан» келген Нуну Тавареш те алғашқы ойындарда алаңға шығып, жарақат ала беретін Киран Тирнидің орнында ойнай алатынын дәлелдеді. Сондай-ақ «Арсенал» «Андерлехттің» орталық жартылай қорғаушысы Альберт Самби Локонгомен келісімшартқа отыру үшін 17,5 миллион еуро төледі. Қорытындылай келе, лондондық клуб осы жазда 147 миллион еуро жұмсап, тек ойыншыларын сату арқылы 29,4 миллион еуро пайда тапқан.
Артета неге жеңіске жете алмады?
«Арсеналдың» шабуыл шебінде кіл мықтылар жиналған. Тәжірибелі Обамеянг пен Ляказеттерден бастап, жас таланттар Букайо Сака, Мартинелли, Эмиль Смит-Роу, Николя Пепе, Эдвард Нкетиа секілді ойыншылар өнер көрсетеді. Бірақ барлығының жеке шеберлігін бір арнаға тоғыстыру керек секілді. Ал қорғаныс шебінде ойнайтын Габриэль мен Бэн Уайттың жарақаты сыр берді. Артетаның бас ауыртатын мәселесі де осы. Бұл екеуінен бөлек, лазаретте Томас Парти жатыр. Өткен жазда «Атлетикодан» ауысып келген ганалық футболшының жарақат алуы жиіледі. Қыркүйек айының басындағы үзіліс бұл ойыншылар үшін пайдалы болмақ.
Артетаға ең алдымен қорғанысты бір жүйеге келтіру қажет. 3 ойында тоғыз гол жіберген «Арсенал» қазір 20-орында тұр. Шабуылдағы нәтижелері де көңіл көншітпейді. Жоғарыда аталған шабуылшылардың бірде-біреуі АПЛ-дың жаңа маусымында гол соға алмады. Осылайша лондондық клуб жаңа антирекорд орнатты. Алғашқы үш ойында жеңілгені былай тұрсын, үшеуінде де гол соға алмады деген статистика бұған дейін клуб тарихында болмаған екен.
«Арсенал» бұл маусымда қаржы жағынан да қиналғалы тұр. Лондондық клуб биыл еурокубок бәсекесінде өнер көрсетпейді. Демек УЕФА тарапынан берілетін сыйақыдан қағылды. Ал Англия тарапынан мол қаржы алу үшін үздік командалардың қатарында болу керек. Бұл мәселе де оң шешімін табар емес. Жазғы демалыста артық салмақ жинап келген Вилиан «Арсенал» сапында әжептеуір жалақы алады. Бірақ ол жақын арада «Коринтианс» клубына ауысады. «Канонирлер» бұл трансфер арқылы оның жалақысына төленетін 20 миллион еуроны үнемдейді.
Бас бапкерге соңғы мүмкіндік берілді
«Арсенал» басшылығы Микель Артетаға қазан айындағы халықаралық үзіліске дейін жағдайды түзетуге уақыт берді. Оған дейін команда «Норвич Сити», «Бернли», «Тоттенхэм» және «Брайтон» командаларына қарсы ойнайды. Испаниялық маман үшін қыркүйектің басындағы үзіліс керемет мүмкіндік болмақ. Ұлттық құрамаға шақыртылмаған және жарақатынан айыққан ойыншыларды бабына келтірсе, жоғарыда аталған төрт команданы да жеңуге болады. Мұндай дағдарыс кез келген клубтың басында болады. Сондықтан 13 мәрте Англия чемпионы болған команданың бұл қиындықты еңсеретініне сенім мол. Бірақ мұны Артета істей ала ма деген сауал көптің көкейінде тұр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!