Жуырда ғана футболдағы ең маңызды турнир Чемпиондар лигасының жартылай кезеңіне өткен командалар анықталды. Мұнда италиялық қос клуб «Милан» мен «Интер» және испандық «Реал Мадрид» пен ағылшындық «Манчестер Сити» командасы бақ сынасатын болады. Ал бұдан сүрінбей, финалға шыққан ұжымдар аталған турнирдің жүлдесін сарапқа салады.
Бір қызығы, кезінде атағынан ат үркіген «Милан» биыл араға 16 жыл салып жартылай финалға жолдама алды. Футбол жанкүйерлерінің есінде бұл клубпен байланысты тарихи сәттер өте көп. Алайда, соның ең ерекшесі – 2005 жылы Стамбұлда өткен финал. Бүгін біз сол миллиондаған жанкүйердің жадынан әлі күнге өшпеген тарихи сәт, «Ливерпульдің» дүркіреп тұрған «Миланға» қарсы ойынын еске түсірмекпіз.
2005 жыл. Ыстамбұл.«Ататүрік» Олимпиадалық стадионы. Финал. Сол кездегі құрамды қараңызшы. Кака, Андрей Шевченко, Кафу, Алессандро Неста, Паоло Мальдини, Андреас Пирло. Не деген аңыз ойыншылар! Бәрінің жарқырап тұрған шақтары. Қазірі «Реал Мадридті» жартылай финалға алып шыққан кәнігі бапкер Карло Анчелотти ол уақытта осы «Миланның» тізгінін ұстады. Ашығын айтсақ, Англиядан ат терлетіп келген «Ливерпульге» ешкім сенген жоқ. Кіл мықтыны жиып алған команданы жеңу мүмкін бе, сірә?! Қош. Ойынға көшелік.
Италиялықтар алғашқы минуттарда-ақ шеберліктерін дәлелдеді. Пирлоның қапталдан асырған айып добын Паоло Мальдини бірден қақпаға бағыттады. Доп тордан бір-ақ шықты. Бұл небары бірінші минут болатын. Жылдам гол «қызылдарды» абдыратып тастады. Тайм соңына қарай шабуылға қатты кіріскен ливерпульдіктер тылды мүлдем ашық қалдырды. Онысы үшін қарсыластары лайықты жазалады. 39-минутта Шевченко айып алаңына емін-еркін кірді де, Креспоға оңтайлы пас тастады. Апандай қақпа алдына барып қалған аргентиналық шабуылшы қателескен жоқ. Есеп – 2:0. Арада бес минут өткен соң қорғаушылар тағы да Креспоны ұмыт қалдырды. Кака асырған пастан соң Креспо қақпашыны сан соқтырып, тағы гол салды. Дубль. Бірінші таймнан кейін есеп 3:0. Ақтық сынның бірінші бөлігінде 3 гол жіберіп алса, қай команданың да сағы сынар еді. Бірақ… Алда тағы бір тайм бар.
Үзіліс кезінде «Милан» жеңісті тойлауды бастап кеткен екен. Бірнеше жылдан кейін әйгілі Кафу шындықты мойындады. Команда ойынның бірінші жартысындағы нәтижеге масайрап, босаңсып қалған. Олардың ең үлкен қателігі де осы болған сыңайлы.
Қош. Екінші таймды ағылшындықтар ширақ бастады. Қос қапталдан әуелете асырылған пастар италиялық клубтың жұлдыздарын біраз әбігерге салды. 53-минут. Йон-Арне Риисе сол қапталдан үш рет айып алаңына доп бағыттады. Оның алғашқысын қорғаушылар тосып үлгерсе, екінші асырғаны қол созым жердегі Кафуге тиіп кері серпілді. Үшінші­сінде ғана доп ағыл­шын­дар­дың аңыз ойын­шысы Стивен Джер­рардты тапты. Джер­рард таза британдық стильмен баспен ұрып, алыс бұрышты көздеді. Гол! «Ливерпуль» жанкүйерлері осы голдан соң бір еңсесін тіктеді. Джеррардтың голы қуаныш пен үміт сыйлағандай, Англиядан келген жанкүйерлер енді клубтың ән ұранын хормен шырқай жөнелді. Мұнысы футболшыларға жігер берді де, тағы да алға лап қойды. Джеррард гол соққан соң екі минут өтпей жатып, ливер­пуль­дік­тер тағы бір қауіпті ша­буыл өріс­тетті. Осы бір тұста ағыл­шындық клубтың ойыншысы Хаманн өзіне жақын жердегі әріптесі Шми­церге әдемі пас шыға­рып берді. Ал Шми­цер аяғына оң­тайлы келген допты қақпа торын­да тулат­ты. Есеп – 3:2.
Бұл нәтиже Анчелотти шәкірттерін есеңгіретіп тастады. Расында, мұнан соң миландықтар тіпті білгенінен жаңылды. Өз алаңында жиі шатаса бастады. Бұл абдыраулары есептің теңесуіне апарып соқты. 59-минутта миландықтар өз айып алаңында тәртіп бұзып, оған төреші пенальти белгіледі. Айып добын испаниялық жартылай қорғаушы Хави Алонсо тепті. Гол. Таразы басы теңесті. Есеп – 3:3. Алты минутта соғылған үш доптан соң қос команда жанкүйерлері бір-бірімен көңіл-күйлерін алмас­тырды. Енді «Ливер­пуль» фанат­тары жайғасқан сектор ән салып, билей бастады.
Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Жанкүйерлер мұнан кейін қосылған қосымша таймда да шын мықтыны көре алмады. Соңғы мүмкіндік. Пенальти сериясы басталды. Алайда, Миланның матчтан соңғы пенальтиде де жолы болмады. Дудек қорғаған қақпаға миландықтардан Сержиньо, Пирло және Шевченко соққысын дарыта алмады. Пенальтиден «Ливерпуль» 3:2 есебімен жеңіске жетті.Сол күнгі жетістік олардың бесінші рет топ жаруы болған­дықтан, кубокты өздеріне мәңгіге алып қалды.
2005 жылғы Чемпиондар лигасының финалы – футбол тарихындағы ең үздік матчтардың бірі. «Ыстамбұлдағы ғажап» деп аталып кеткен ойыннан кейін көгілдір экраннан талай футбол команда­ла­рының текетіресін тамаша­ладық. Алайда, дәл осы матчқа жететін жоқ шығар. Әрине, «Реал Мадрид­тің» аңыз ойыншысы Зинедин Зиданның басқаруы­мен үш жыл қатарынан Чемпион­дар лигасын ұтып алғанын есепке алмасақ.
Айтпақ­шы, 2005 жылдан кейін арада екі жыл өткен соң «Милан» мен «Ливерпуль» тағы да аталған турнирдің финалында жолықты. Бұл жолғы матч Афинадағы Олимпиадалық стадионда өтті. Филиппо Индзагидің екі голына ливерпульдіктер тек соңғы минутта бір доппен ғана жауап бере алды. Ыстамбұлдағы камбэк қайталанбады. Нәтижесінде «Милан» турнирде жетінші рет топ жарды. Қазір сол «Милан» Чемпиондар лигасын қайта жеңуге ниетті. Ал ағылшындық «Ливерпуль» командасы биыл «Реал Мадридтен» 6:2 есебімен ұтылып, бұл турнирден ұшып кеткен болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!