Спортсүйер қауымға Аталанта Олимпиадасының чемпионы Василий Жировтың жеке бапкері Александр Апачинскийдің есімі жақсы таныс. Соңғы жылдары атақты бокс бапкерінің атын жиі естіп жүрміз. Әсіресе, боксшылар тарапынан кеңес сұрау, соққы әдісін талдау үшін қайраткерге көп жүгінеді екен.
Жалпы алпыстан жасы жаңа асқан Апачинскийді қартайып тұр деуге аузың бармайды. Төртпақ келген денесі мығым, қолыңды қысқан кезде саусақтарыңның сүйегін үгітіп жібере жаздайды. Адамға тіктеп қарағанда тұздай көздері өңменіңнен өтіп кетеді екен. Түсі суық: баяғыдағы ақ патшаның жазалаушы отрядындағы атаман казагың дәл осындай болған шығар бәтшағар деп қоясың іштей…
Бокс қолғабын шегеге ілгеннен кейін өзінің бапкері Геннадий Васильевич Крыловицкийдің жолын қуып, Балқаштағы №4-ші кәсіби техникалық училище базасында бапкер ретінде еңбек жолын бастаған. Василий Жировқа дейін Апачинскийдей дарынды бапкер Сергей Косенков, Алмаз Орынбаев, Евгений Вишняков, Андрей Бормотин, Болат Нөкербеков, Николай Ситников, Вячеслав Детиненко сынды бүкілодақтық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін өсіріп шығарған. Тағы да ресми дерекке сүйенсек, болсақ, Апачинкий өзінің бапкерлік карьерасында 11 спорт шеберін, 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 2 еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеп шығарған.
Александр Апачинский 1992-2009 жылдар аралығында Қазақстан құрама командасында жаттықтырушы ретінде қызмет етті. Дәл осы кезеңде кейбір сәтсіздіктерге қарамастан, Қазақ боксы өзінің өрлеу дәуірін бастан кешкен болатын. Егемен елдің бокс державасына айналуына құраманың сол кездегі жаттықтырушысы, одан кейінгі аға бапкері болған Александр Иванович Апачинскийдің қосқан үлесі қомақты десек, – ақиқаттың ауылынан алыс кете қоймас едік.
Апачинский бапкер ретінде ерте танылған. Кеңес заманында ол КСРО-ның жасөспірімдер құрама командасында жаттықтырушы болғанын білдік. Небір майталман мамандармен қойын-қолтық жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған.
Аға буын жанкүйерлердің есінде болар, Жиров өзі қатысқан жекпе-жектердің үзілісі кезінде басқалардай бұрышқа жалп етіп отыра кетпей, тек қана түрегеп тұрып демалатын. Орайы келгенде, бапкерден осының сырын сұрағанда: «Жаттығу кезінде, – дейді Александр Иванович, – Васяның бір раундының өзі кейде жиырма-отыз минутқа созылып кететін. Сонан соң, оны мен раунд арасындағы үзілісте түреген тұрып демалуға үйреттім. Неге десеңіз, түрегеп тұрған боксшы мен отырып демалған боксшының тыныс алуында айырмашылық бар. Мәселен, отырған боксшының ішіне өтетін ауа жолы жабылады да, күшін қайта қалпына келтіруі қиындай түседі. Бұдан бөлек, түрегеп тұрып демалған боксшының мысы қарсыласын қашанда басып тұрады. Бұл – психологиялық тұрғыдан өте маңызды», – деген ол.
Бокс десе ішер асын жерге қояр адам болса, Апачинскийдің әрбір сөзін алтынға балар еді. Еңбек жолын енді ғана бастаған бапкер үшін «Апачидің» бір өзі бір университет қой! Әттең, «Мұны түсінетін бала бар ма?» демекші, бүгінгі күні Апачинскийдің ақылын керек қылатын бапкер болмай тұр.
Апачинский бапкер былай дейді: «Бокста секундант бола білудің өзі өнер. Бұл – бапкерден аса біліктілікті қажет ететін дүние. Жасыратыны жоқ, қазіргі жаттықтырушылардың көбі мұны дұрыс меңгермеген. Мәселен, жанталасқан жекпе-жектің үзілісінде боксшы 20 секундқа дейін ештеңе ұқпайды, сені естімейді де. Ал қазіргі бапкерлер болса, боксшыны дұрыс демалдырудың орнына дәл сол сәтте оған қалай жұдырықтасу керектігін айқайлап тұрып үйрете бастайды…».
Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері Василий Жировты өзгелерден бөлектеу қылып тұратын бір қасиеті – оның төзімділігі деп қазір кесіп айтуға болады. Апачинскийдей адамды аяу дегенді білмейтін бапкердің қатал тепкісінен өту дегеніңіз екінің бірінің қолынан келмес шаруа еді. Қайран, Вася! Жаттығу кезінде екі қолын көтеріп қойып, жуандығы оқтаудай сырықпен қос қабырғадан, жон арқадан еті қатайсын деп оңдырмай ұрғылағанда шыдауына тура келген. Көлдің ортасына апарып суға тастап кеткенінде, қу жан деген тәтті емес пе, бәленбай шақырым жерден жүзіп өтіп, жағаға жетіп жығылады екен. Ал моншаның буына еңбектеп қашқанына дейін ұстайтыны ше? Айта берсең, Апачинскийдің аңызға бергісіз мұндай «сұмдығы» көп-ақ. Осындай «тепкіден» өткен Василий үшін шаршы алаңдағы айқас біткен баланың ойынындай-ақ болып қалатыны сөзсіз еді. Жалпы, әуесқой бокста жартылай ауыр салмақтағы Жировтың найзағайдың жарқылындай шапшаңдығына жылдамдығы ілесе алатын боксшы екен-саяқ болатын. «Жиров мұнысы үшін алғысты Джекке айтуы керек», – деп күледі Апачинский. Бапкер сөзінің жаны бар: жаттығу кезінде ол өзінің әлгі «Джек» деп аталатын қабаған овчаркасын Жировқа қосатын көрінеді. Сонда байғұс Вася екі өкпесін қолына алып, ұзын дәліздің бойымен зымырағанда, итке жеткізбей барып түпкі есікке кіріп үлгереді екен…
Александр Ивановичті Балқашта тумады дегенмен, оның бүкіл балалық шағы, жігіттік кезеңі осы бір көл жағалауындағы көрікті шаһарда өткен. Қазір де осы Балқашта: қаладағы Қараменде би деп аталатын орталық көшелердің біріндегі құстың ұясындай үш бөлмелі пәтерінде құдай қосқан қосағы Елена Георгиевна екеуі тұрып жатыр. Бұл кісі Апачинскийдің екінші әйелі екен.
Александр Иванович кеш үйленген екен, отыздан асқан кезінде украин қызы Иваннамен көңіл қосыпты. Алайда, әкесі үлкен қызметте болған Иванна ит арқасы қияндағы Балқашта тұрудан үзілді-кесілді бас тартыпты да, еліне, Львовына қайтып кетіпті. Сөйтіп, бұлардың некесі бір жылға да шыдамай, сыр берген. Апачинскийдің Иванна арудан Роксалана есімді бұл күнде жиырманың жетеуіне келген қызы бар.
Қазіргі зайыбы Еленадан Никита есімді ұл сүйген. Жиырманың үшеуіне келген Никита Балқашта, ата-анасынан бөлек тұрады. Әкесімен араласпайтын көрінеді, анда-санда телефонмен тілдескені болмаса… «Бұл дегенің заңдылық, – дейді Апачинский күрсініп. – «Не ексең, соны орасың» деген. Бөтен біреудің баласын тәрбиеледік. Ал өзіміздікіне уақыт болмады. Бапкер деген байғұстың өмірі осы да…».
Александр Апачинскийдің өзі кезінде соққылары тегеурінді, техникалық шеберлігі тәп-тәуір боксшы болған, спорт шебері деген атағы бар. Ал кеңес заманында «КСРО спорт шебері» атағын иемдену дегеніңіз оңай шаруа болмайтын. 1967-1980 жылдар аралығында ол Қазақ КСР біріншілігінің чемпионы, жүлдегері атанды, халықаралық, бүкілодақтық және республикалық жарыстардың жеңімпазы болған. Ресми дерек көзіне сенсек, ол шаршы алаңда 132 кездесу өткізіп, соның 112-сінде жеңіске жетіпті.
Бұл күнде бапкер Апачинский мен шәкірт Жиров арасындағы қарым-қатынас үзілген. Әркім өз шаруасын күйттеп жүр… Әуесқой бокстағы ең биік шыңды бағындырғаннан кейін Жировтың кәсіпқой боксқа ауысқанын жұрт жақсы біледі. Америкаға аттанғанда Апачинский де жанында болды. Бірақ, кәсіпқой бокстың маңайындағы «қасқырларға» бапкер емес, боксшы Василий Жиров керек болатын. Жарты жылдан кейін Балқашына қайтып келгені де сондықтан болар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!