Жуырда Түркия Республикасының Бурса қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатына 32 елден 300-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан намысын қорғаған Ақерке Жұмадинова «өзін-өзі қорғау» түрінен 50 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Тартысты додадағы қызықты оқиғалар мен жарыс туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Ақерке Жұмадинова мен жаттықтырушы Нұрлан Естерекұлы айтып берді.

– Қоян-қолтық ұрыс спортымен айналысып жүргеніме бір жылдан асты. Бұған дейін дзюдо, самбо және қазақша күрес түрлерімен шұғылданып, мол тәжірибе жинадым. Бұл спорт түрлері менің техникамды жетілдіріп, шыдамдылық пен төзімділікке баулыды. Әлем чемпионатына ұзақ және тыңғылықты дайындық жүргізілді. Чемпионатта 50 кг салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Бұл салмақта 10-нан аса мықты спортшы қыз жарысқа түсті. Қарсыластарымның барлығы жоғары деңгейдегі шеберлер болды. Дегенмен үздіксіз дайындықтың, табандылықтың және қажырлы еңбектің нәтижесінде мен жеңіске қол жеткіздім. Алдағы уақытта да осы бағыттағы еңбегімді жалғастырып, қабілетімді шыңдай бермекпін. Елімнің намысын әлемдік ареналарда абы- роймен қорғау – басты мақсатым, – деді Ақерке Бауыржанқызы.

Мұнан соң сөз алған бапкер Нұрлан Естерекұлы қоян-қолтық ұрыстық түрлеріне тоқталып, спортшы қыздың еңбекқорлығын атап өтті.

– Қоян-қолтық ұрыстың төрт түрі бар. Олар: спорттық қоян-қолтық ұрыс, армиялық қоян-қолтық ұрыс, толық түйіспелі қоян-қолтық ұрыс және кейін қосылған өзін-өзі қорғану түрі. Ақерке әлем чемпионатына дейін де көптеген спорттық жарыста жүлделі орындарды иеленіп, тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүрді. Әлем чемпионатына дайындық ұзақ әрі жүйелі түрде жүрді. Жарысқа іріктеу кезеңі ақпан айында өтті, сол кезде Ақерке бас жүлдені иеленіп, чемпионатқа жолдама алды. Әр кезеңде спортшының техникасы мен физикалық дайындығы ба- рынша шыңдалды, тактикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлдік. Ақеркенің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында осындай жоғары жетістікке қол жеткіздік, – деді жаттықтырушы.

Қасымхан СЕЙІТХАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!