Фото: видеодан скриншот

31 наурызда Ақтауда жасөспірімдер арасындағы жарыс кезінде политехникалық колледждің 3-курс студенті ауыр соққыдан көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға Nomad MMA бойынша балалар, жасөспірімдер мен жастар арасындағы облыстық жарыста орын алған. Желіде тараған видеодан 17 жастағы студенттің соққыдан кейін құлағанын көруге болады. Оған бірден дәрігерлер көмекке келген. 

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған деректі растады. Ал марқұм тіркеуде болған “Ясин” емханасының өкілдері тілшімізге жасөспірімнің 2006 жылы туғанын айтты. 

“Емхана демалыс күні жұмыс істемейді. Жарыста жедел жәрдем көмек көрсеткен. Оқиға орнында біздің мамандар болмағандықтан, пікір білдіре алмаймыз. Дегенмен студент Маңғыстау политехникалық колледжінде оқыды, 2006 жылы туған. Біздің емханада тіркеуде тұрған”, – деді емхана қызметкері. 

Маңғыстау облысы Nomad MMA федерациясының өкілдері жедел жәрдем қызметінің бірден келгенін, бірақ студентті құтқару мүмкін болмағанын хабарлады. 

“Жарыс алдында жаттығулар өтінішпен бірге қатысушының дайын екенін растайтын медициналық анықтама ұсынады. Қайғылы жағдай бәрімізді есеңгіретіп тастады. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу аясында құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтайды. Қайғыра көңіл айтамыз”, – деді федерация өкілдері. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!