Бүгінде Сыр елінің спорттағы бәсі әлдеқайда биік. Кез келген түрінен болмасын ойып тұрып алар орны бар. Соған тағы бір дәлел – грек-рим және еркін күрестегі жетістіктер. Осындай бір жағымды жаңалық жуырда ғана Алматы қаласынан жетті. Арал ауданының үш бірдей палуаны ел біріншілігінде топ жарып, үздік нәтиже көрсеткен.

Нақтыласақ Алматы қаласында U-20 және U-17 жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен-ді. Грек-рим күресінен 60 кг салмақта сынға түскен Алпамыс Болатұлы қарсылас шақ келтірмей, барлығын айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының спорт шебері» нормативін сәтті орындап шықты.

Алпамыс – жас болса да, көптеген жетістікке жеткен дарынды спортшы. Ол U-17 жасөспірімдер арасында 2024 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, U-15 санатында 2022 жылғы Азия чемпионы, сондай-ақ 2022-2025 жылдар аралығында төрт дүркін Қазақстан чемпионы атанып үлгерді. Қазір ол Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мектеп-интернат-колледжінде білім алуда.

Ал осы біріншілікте 97 келіде еркін күрестен сынға түскен Айбат Ибраймов ше? Айбатқа бұл жарыста қола жүлде бұйырды. Көптің көзіне түсіп, сәтті өнер көрсеткен спортшы бұған дейін де ҚР чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп үлгерген. Бүгінде ол Алматы қаласындағы «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің» студенті.

Арал ауданының грек-рим күресінен тағы бір мақтанышы – Мирас Махамбет. Қола жүлдені қанжығасына байлаған ол – «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мектеп-интернат-колледжінің» 10-сынып оқушысы. Бұған дейін Арал ауданына қарасты Аралқұм ауылындағы №61 орта мектепте білім алған.

Спортшылардың бапкерлері – Дәурен Кегенбаев – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаттықтырушысы.

Ал Талғат Қожекенов, Бахтияр Төлебаев, Әліби Болатұлы, Ардақ Таңатаров – №19 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жоғары санатты бапкерлері.

Кез келген мықты спортшының артында мықты бапкер тұратыны анық. Бұл жеңістер спортшыларды күн-түн демей жаттықтырып, қайрап отырған бапкерлердің қажырлы еңбегінің жемісі. Сондықтан қалай мақтасақ та жарасып-ақ тұр.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!