Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағдырдың сынағын өзгеріске бастар қадам деп қабылдау – ерлік, табандылық өлшемі. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге құлшынысы, өнер мен спортқа ұмтылысы алабөтен. Бұған аймақтағы парабишілер үйірмесі дәлел. Мұндағы әрбір үйірме қатысушысы жаңалыққа жақын, жақсылыққа үйір. Кәсіби шеберлікпен қатар адами құндылықты дәріптеп, көпке үлгі болуда.

Есте болса, он шақты жыл бұрын облыс орталығында «Мүгедектерге арналған спорт клубы» мекемесі құрылған болатын. Басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына жағдай жасап, өңірдегі азаматтық қоғамды дамыту еді. Уақыт өте бұл мақсаттың да орындалғанын көрдік. Мекеме жанынан көптеген үйірме ашылып, өмір сынағына ұшыраған жандар спорттан мән тапты. Көбі бос уақытын тиімді пайдалануды көздесе, кейбірі кәсіби мансап жолына шыққан. Бәріне керекті құрал-жабдық, қажетті алаң қамтамасыз етілген. Арбада отырып билеу үйірмесінің орны ерек. Мұндай өнер мен спортты тоғыстырған жандар эстетикалық көркемдік сыйлап, жоғары көрсеткішке жетуде. Тіпті пара бишілер түрлі республикалық додада топ жарып, аймақ абыройын асқақтатып келеді. Апта басында мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіби әрі рухани бапкер бола білген Анатолий Цоймен тілдесіп, спортшылардың бабын білген едік. Сала маманы шәкірттерінің әлеуетіне сенім білдіріп, арбада отырып билеудің өңірдегі деңгейін айта кетті.
– Үйірмеге қатысушы әрбір адам жаңа қырын таниды. Өмірге құлшынысы артып, спортпен тұрақты айналысуға ықыласы ашылады. Арбада отырып билеудің негізгі мақсаты да осы. Яғни тағдыр сынағына жолыққан жанға үміт сыйлау. Бұл тұрғыда ойға алған мақсат орындалуда. Шәкірттердің алды спорт шебері атағын алып үлгерді. Топта жұмыс істеу, адамдармен қарым-қатынас жүйесі дамыды десек, артық емес. Осы орайда спорт басқармасының қолдауы көп көмегін тигізуде, – дейді бапкер.
Жалпы аталған үйірме 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда тірек қимыл жүйесі бұзылған кез келген адам тегін негізде қатысуға мүмкіндік бар. Тұрақты қолдау нәтижесінде керекті жабдықтан мұқтаждық туындаған емес. Мысалы, биыл жауапты басқарма үйірме қатысушыларына жаңа арба сыйлаған. Бапкердің сөзінше, мұндай жабдық спортшыларға қиын қимылдарды жасауға мүмкіндік беріп, парабишілердің халықаралық жарыстарға қатысуына жол ашпақ. Роза Смағұлова – үйірме қатысушысы. 1999 жыл жол-көлік апатына түсіп, қол арбаға таңылған жан спортты серік етуге бел буады. Алғашында түрлі бағытта бақ сынағанымен, көбіне тұрақтамаған. Тек 2016 жылы пара бишілердің қатарына қосылыпты.
– Он шақты жыл бұрын әлеуметтік желіден арбадағы би үйірмесі туралы ақпарат көрдім. Алғашында жүрексініп, «Қолымнан келе ме?», «Дайындық қалай болады?» деген сауалдар маза бермеген еді. Солай жүріп, 2018 жылы арбадағы бимен айналысу үшін Қызылорда қаласына келдім. Қазір спорт шеберлігіне үміткермін. Жетістігім де жоқ емес. Мысалы, арбада отырып билеу бойынша республикалық чемпионатта 2018 жылы II орын, 2019 жылы I орын бұйырды. 2022 жылы пара спартакиададан фристайл аталымы бойынша I орын алдым, – дейді ол.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта құру қоғам міндеті екені белгілі. Арбада отырып билеу үйірмесінің мүшелері осындай қолдауды сезінгендер қатарында. Сырбойылық парабишілердің ендігі мақсаты – халықаралық дәрежеге шығып, ел байрағын желбірету.


Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!