Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Қазақстандық Аслан Қанатбек Қытайдың Чэнду қаласындағы XII Дүниежүзілік ойындарында джиу-джитсудан қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды KAZINFORM.
Ел құрамасы қоржынына екінші аталған халықаралық бәсекеден жүлде түсті.
Оны джиу-джитсудан Аслан Қанатбек (62 келі) салды. Қазақстандық спортшы үшінші орын үшін жекпе-жекте колумбиялық Жайро Вивиекасты таза жеңді.
Енді ел құрамасынан Жәнібек Әбу-Бәкір (69 келі), Нұрсұлтан Дүйсенқұлов (77 келі) финалды сынға түседі.
Айта кетсек, бұған дейін каратэден 50 келідегі Мөлдір Жаңбырбай күміс жүлдеге ие болған еді.
Отандастарымыз аталған жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Қазірге дейін олар 6 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлде алды. Қазақстандық спортшылар 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен әзірге жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Биыл жарыс 34 спорт түрінен өтіп, 253 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы додаға 17 тамызға дейін 114 елден 4 000 спортшы қатыспақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!