Кейінгі уақытта UFC турнирінде қазақ жауынгерлерінің қатары қалыңдай бастады. 19 рет рингке шығып, жауырыны жерге тиместен барлығында жеңіске жеткен Шавкат Рахмоновтың өзі бүгінде атынан ат үркейтін жағдайға жетті. Орта салмақтағы үздік файтерлердің бірі қазір рейтинг бойынша 3-орынға жайғасып, келесі жекпе-жегін асыға күтіп отыр.

Бір уақыттары бірнеше спортшы қатар жүріп, барлығы бірдей жаттығу залына бас сұқты. Кейін әр тараптан жүлделі болып, соңына барлығы UFC турнирінде бас қосып, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Солардың бірі – Бекзат Алмаханов.

Тыңнан түрен салып ерекше төбелес үлгісімен көзге түсіп, турнирдің алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткен Бекзат барлығын сәтті бастады. Бірақ, жуырда ғана Катарда өткен кезекті кездесуінде Александр Топурияға есе жіберді. 3 раундтан кейінгі шешім бойынша төрешілердің шешімімен жекпе-жек қарсыласының пайдасына ұйғарылды. Бұл – оның соңғы үш айқастың ішінде алған екінші жеңілісі болып отыр.

Иә, Александр Топурия есімі UFC көрермендеріне жақсы таныс. Енді ғана турнирге бас қойып жүрген файтердің ағасы Илия Топурия бүгінгі күні орта салмақтағы ең үздік жауынгер. Ағайынды жігіттердің кәсіби мансаптарындағы сәтті жеңістері ақырындап ел аузынан түспей, назарын аударып отыр.

Дәл осы күні қазақ жұрты Бекзат Алмаханды ғана асыға күткен жоқ. Өйткені одан соң Асу Алмабаев америкалық Алекс Переске қарсы күш сынасты. Шавкаттың өзі секундант болып, Асудың жанынан табылды. 2 раунд бойы төбелес орташа деңгейде жалғасып жатқан. Алайда шешуші кезеңде қандасымыз мүмкіндікті мүлт жібермей, Алекс Пересті «гильотина» әдісімен қылқындырып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осылайша ол өз салмағының рейтингі бойынша жетінші орынға көтерілді.

Шыны керек, бұған дейін біраз қазақ жауынгерлері бұл турнирде жолы болмай кері қайтқан болатын. Әзірге көптің тілеуі Шавкаттың өз салмағын бағындырғаны. Ол үшін басты қарсылас – дағыстандық Ислам Махашев. Шавкат бабында жүріп, қанша мәрте осы жігітті күткенімен ол салмақ ауыстырып қашқақтаған. Ал қазір біздің жігіт отадан шығып, жаттығу жұмыстарына қайта оралып жатыр. Шындығына келсек, егер осы жекпе-жек болатын болса, әлем дүр сілкінері анық. Өйткені мансабында жеңіліс көрмей чемпион атанып кеткен Хабиб Нұрмағанбетовтың командасында жаттығатын жігітті жығатын бір жауынгер болса, ол – Шавкат Рахмонов.

Қазақ жігіттерінің қатарында алматылық Азат Мақсұм да бар. Соңғы жекпе-жегінде төрешілер әділетсіздік жасап, біздің жігітті жығып берген. Бірақ алдағы уақытта талай белесті бағындыратынына қазақ жанкүйерлері сенеді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!