Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовті (18-2, 12 KO) бірінші ауыр салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағынан айыр­ды.

 Қауымдастық WBA Regular нұсқасы бойынша осы дәрежеде әлем чемпионы етіп бұрынғы «уақытша» чемпион, Бельгия спортшысы Рияд Мерхиді жариялады. Ол келесі жекпе-жегінде Куба боксшысы Юниэр Дорти­коспен кездесуі тиіс. Тараптардың келіссөз жүргізуіне 30 күн берілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін WBA Мерхиді Шүме­нов­тің міндетті үміткері етіп тағайындаған, алайда та­раптар келісімге келе алмады. 29 қаңтарда Бейбіт Голливудта, АҚШ-тың Флорида штатында Америка боксшысы Рафаэль Мёрфимен жұдырықтасуы тиіс еді, алайда қазақстандық боксшыға белгісіз себептермен жұдырықтасуға рұқсат етілмеді.

Атап өтейік, Шүменов 2018 жылы елордада түрік бокс­шысы Хизни Алтункаюді (32-3, 19 КО) нокаутқа түсірген кезден бері рингке шыққан жоқ.

«WBA шешімі ішкі ережелерге негізделіп шығарылды. WBA-ның өзіне ұсынған талай мүмкіндіктерді пайдала­нып, жасаған сұраныстарына қарамастан, Шүменов өз титулын отыз айдан астам уақыт қорғамаған. Сол себепті ол чемпион атағынан айырылып, енді WBA-ның бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы болып Мерхи атанды», –  делінген қауымдастық қаулысында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!