Мақсат Исағабылов, «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы:

Қазақ күресінен берекеміз артты. Бұл біздің спорттағы серпінді көрсетті. Қызылордалық балуан Мақсат Исағабылов елордада  өткен «Қазақстан барысында» жеңімпаз атанды. Қуанатынымыз, спорттың бұл түрінен біздің өңір үшінші мәрте тұғырға қонды.

Ел болып көз тіккен додада Сыр саңлағы төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Қайсар рухты Мақсатпен тілдесіп, жедел сұхбат ұйымдастырдық. 

– Мақсат, елорда төрінде өткен аламанда оза шапқаның құтты болсын! Адамды бақ қолдаса бір сәтте биікке самғап, беделі арта түседі. Бұл – өмір тәжірибесі. Ал сізді жеңімпаз еткен не?

– «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, менің бағым да, бабым да айтулы аламанда сай келді. «Ешбір жарыста абырой атақ-даңқың көмектеспейді, спортшының дайындығы мықты болса, ол жеңбей қоймайды. Спортшы өзіне деген сенімді жоғалтпауы тиіс» деген ұранды жадымда жиі сақтадым. Сонымен қатар менің туып-өскен жерім – Қармақшы мекені. Бұл – Қорқыт ата, Марал ишан, Текей батыр секілді әулие-әмбиелердің жамбасы жерге тиген құт мекен. Сол себепті қасиетті бабалардың аруағы қолдады деп ойлаймын. Бұрындары ауылды жырау мен шайырлар арқылы таныса, бүгінде балуандары туған жерін әлемге танытып жүр. Соңғы кездері ауданымызда спортқа деген көзқарас жақсарып, спортқа ынтық жастар саны күрт өсті.

– «Күш атасын танымас» деген бар. Салмақ айырмасы жер мен көктей бола тұрып, олармен белдесу батылдық шығар. Меніңше, сіз бірінші мәрте топқа түскен соң қарсыластарға әдіс-айлаңыз құпия болып келді. Түйе балуандардың тартысында үміт пен күдіктің қайсысы басым тұрды?

– «Қазақстан барысы» турнирі басталмастан бұрын алдын ала салмақ өлшеу рәсімі өтті. 36 балуанның арасында бірнеше балуан менен ауыр болып шықты. Мен үшін салмағы жеңіл балуанға қарағанда ауыр салмақты балуандармен белдескен ыңғайлы. Ал айтулы аламанда бірнеше мәрте бақ сынадым. Үмітім алдамайды, осы жарысты жеңемін деп бардым. Сондай-ақ білікті бапкерлерім білгенін үйретіп, спорттағы көп жылдық тәжірибелерімен бөлісті.

– Турнирдің бірнеше маусымына қатысып, мәртебелі додада топ жарып үлгердіңіз. Бұл абыройды сақтап қалу сіз үшін қаншалықты қиын?

– Әрине, атақты қорғап қалу оңай емес. Бұл Олимпиада чемпионы атанып, 4 жылдан соң қайтадан сол атағыңды қорғап қалумен тең десем, артық емес шығар. Себебі жыл өткен сайын «Қазақстан барысындағы» бәсекелестік артып келеді. Балуандар мақсатты түрде осы додада жеңіске жету үшін дайындалуда. Демек, жеңіс ешкімге де оңай келмейді. Осы уақытқа дейін «Қазақстан барысы» титулы бағынбай жүрді. Жеңілдім, жолым болмады екен деп жүнжіп жүру қазақ жігітіне тән емес қылық қой. Сол сияқты, ол жеңіліс маған қайрат сыйлады.  «Келесі жылы осы сайыстың биігіне қалай да көтерілемін» деп өзіме уәде бердім. Мақсатым орындалды. Жеңіс бар жерде, жеңіліс те бар. Оның үстіне бүгін-ертең үлкен спорттан қол үзейін деп тұрған жоқпын.Әлі талай «Қазақстан барысына» қатысып, мықтылығымды дәлелдеймін.

– Қазақ күресі қаншалықты дамыды деп ойлайсыз?

– Қазақ күресі соңғы уақытта қарқынды даму үстінде. Себебі әлемнің көптеген елдерінде аталған спорт түрінен жарыстар өтуде. Сонымен қатар қазақ қүресі федерациясының жер-жерде бөлімшелері ашылғанынан хабардармыз. Бүгінде 40 елде қазақ күресінен федерация ашылған. Бұл төл белдесуіміздің әлемдік деңгейге көтерілгенін байқатады.

– Қатты қуанған сәтіңіз есте ме?

– Кешегі турнирде қатты қуанғаным рас. Өйткені бақ оңай келмейді.

– Алдағы арман қандай?

– Арман көп, аламанда атой салатындай спорттық бапты берік ұстап, ел еншісіне бағалы жүлделер салсам деймін.

– Мақсатыңызға жетіңіз!

Сұхбаттасқан

 Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!