Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Атырау қаласының тұрғыны көлігінің әйнегіне Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің суретін бейнеледі. Бұл жұртшылықтың ризашылығын тудырды, – деп хабарлайды KAZINFORM ақпарат агенттігі.

Атырау қаласының көшесінде артқы әйнегіне Париждегі Олимпиада ойындарының чемпионы атанған Елдос Сметовтің портреті салынған жеңіл көлік жүр. Көлік иесі – Аслан Жазықов. 

«Қазір жаһан жұртының назары Париждегі Олимпиада ойындарына ауып отыр. Еліміздің спортшылары Токиода алтын жүлде алмағаннан кейін осы Олимпиададан үміт күттік. Олимпиаданың алғашқы күні сол үмітімізді саңлақ дзюдошы Елдос Сметов ақтады. Қарсыласының бәрін жеңіп, қазақ дзюдошыларының арасынан тұңғыш чемпион атанды. Елдос елдің мерейін өсірді. Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Осы сәтті теледидардан көріп, қуаныштан қатты толқыдым», – дейді Аслан Жазықов. 

сурет
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ол Олимпиада чемпионының суретін көлігінің әйнегіне салу үшін сіріңкенің талы мен мақта таяқшасын қолданған. 

«Көлігімнің әйнегі шаң еді. Соны ұтымды пайдалануды ойлап, Елдостың портретін сала бастадым. Чемпионның суреті сәтті шықты. Мұны көрген жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де көлігімді фотоға түсіріп алды», – дейді Аслан Жазықов.

Гена
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оның мамандығы суретші емес. Бағдарламашы мамандығын меңгерген ол бала кезінен сурет салуды ұнатады. 

«Елдостың портреті – алғашқы туындым емес. Бұрын Геннадий Головкин мен Сәкен Бибосыновтың, Шафхат Рахмоновтың портретін салған едім. Ал, ең алғаш рет 2016 жылы «ВАЗ – 2109» көлігінің артқы әйнегіне Англия чемпионы атанған «Лестер сити» футбол командасының эмблемасын бейнеледім. Бұл суретімді BBC сайтында «Қазақстандық жанкүйердің туындысы, бірақ авторы белгісіз» деп жарияланды», – дейді Аслан Жазықов. 

суретші
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Атыраулық тұрғын
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әуесқой суретшінің үш баласы бар. Оның 9 жасар қызы Дария дзюдо секциясына қатысады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!