KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге бастапқы кездесуін ресейлік Елена Приданкина — америкалық Куинн Глисонмен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 7:5 есебімен басымдылық танытты. Екіншісінде ресейлік-америкалық дуэт есе қайырды — 6:4.
Үшінші сетте Данилина — Крунич бет қаратпады — 6:0.
Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты бәсекеде Данилина — Крунич 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың жетеуін мүлтіксіз пайдаланды. Приданкина — Глисон 11 брейк-пойнттың төртеуін жүзеге асырды.
Анна Данилина — Александра Крунич үшінші айналымға шығу үшін аустралиялықтар Дарья Касаткина — Арина Родионовамен таласады.
Аустралия біріншілігінде жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Александр Бублик жарыс жолын жалғастырып жатыр. А.Данилина америкалық Джеймс Трейсимен бірге миксте де сынға түседі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
