Фото: olympic.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Мельбурнда өтіп жатқан Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды KAZINFORM.

Хорватиялық маман Горан Иванишевич жаттықтыратын қазақстандық теннисшіге үшінші кездесуінде әлемнің 33-ракеткасы, украиналық Даяна Ястремская қарсы тұрды.

Украиналық спортшы өткен жылы Аустралия біріншілігінде сенсация жасап, жартылай финалға дейін жеткен еді.

Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте арқасын ауырсынған Рыбакина медициналық көмекке жүгініп, жанкүйерлерінің көңіліне күдік ұялатты. Дегенмен ізінше брейк жасай білді – 3:1. Содан кейін сетке допты сәтті берді – 6:3.

Екінші сетте Ястремская брейкпен алға кеткенімен, Рыбакина таразы басын теңестірді – 2:2. Артынша қазақстандық теннисші басымдылыққа қол жеткізді – 4:2. Есеп 5:3 болып, украиналық спортшы доп бергенде, Елена 5 матчболын пайдалана алмады. Дегенмен жетінші матчболын мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Ястремская 5 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін америкалықтар, әлемнің 11-ракеткасы Даниэль Коллинз немесе рейтингіде 14-орындағы Мэдисон Киздің қай жеңгенімен таласады.

Қазіргі кезде қазақстандық теннисші WTA Live рейтингісінде бесінші орынға көтеріліп тұр. Өйткені осыған дейін оның алдында тұрған қытайлық Циньвэнь Чжэн мен америкалық Джессика Пегула жарыс жолынан шығып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Әмір Омарханов пен Заңғар Нұрланұлының қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Сандуғаш Кенжебаева екінші рет қатарынан Түркиядағы турнирдің финалына шықты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!