Жыл сайын Қызылорда облысында ауыл спортшыларының дәстүрлі «Алтын күз» облыстық спартакиадасы өтеді. Биылғы бәсекені өткізу құқығы Сырдария ауданына бұйырып, өңірдегі 1000-ға тарта спортшы аудан орталығына ат басын бұрды.
Төрт күнге созылған дүбірлі дода биыл XXXVII рет ұйымдастырылып отыр. Әр ауданнан келген кіл мықты спортшылар 16 спорт түрінен жүлделерді сарапқа салып, өзара мықтыны анықтады.
Орталық стадионда өткен спартакиаданың алғашқы күнінде спортшылар кермеге тартылу бойынша сынға түсті. Нәтижесінде І орынды Шиелі ауданы иеленді. Ал ІІ орын Арал ауданына бұйырса, үздік үштікті Жалағаш ауданы түйіндеді.
Осы тұста ақыл-ойдың ойыны шахматшылар арасында да тартысты дода басталып кеткенді. «Мансұр» спорт кешеніндегі сайыста Жаңақорған ауданынан келген спортшылар қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды. Одан соң Шиелі ауданы ІІ орынға тұрақтап, ІІІ орынды Арал ауданы қанағат тұтты.
Ауыл спортшылары асық ату мен бес асық бойынша да өзара мықтыны анықтады. Ең бірінші асық атудан сынға түскен ер балалар арасында жүлделі І орынды Сырдария ауданы иемденді. Ал Арал мен Қазалы аудандарының қатысушылары ІІ және ІІІ орындарға тұрақтады. Сол секілді қыздар арасындағы бес асық сайысында І орынды Арал, ІІ орын Жалағаш және ІІІ орынды Қармақшы ауданы еншіледі.
Спартакиада барысындағы ерекше спорт түрі – теңге ілу. Мұнда Жаңақорған ауданының жігіттері ат үстіне еркін көсіліп, топ жарды. Осылайша жеңімпаз атанып, көш бастады. Сол секілді көршілес жатқан Шиелі ауданы ІІ орынды еншілесе, ІІІ орынды Жалағаш ауданы місе тұтты.
Уақыт пен есепті талап ететін тоғызқұмалақ ойыны бойынша сынға түскен жергілікті Сырдария ауданының ерлері өзгелерден оза шауып, жеңімпаз атанды. Ал қыздар арасындағы тартыста Жалағаш ауданының арулары үздік болды. Бұдан бөлек, ерлер бойынша Қазалы ауданы ІІ орын иеленсе, ІІІ орын Жалағаш ауданының қоржынына түсті. Сол секілді әйелдер арасында ІІ орын Сырдария мен ІІІ орын Қазалы ауданына бұйырды.
Жалпы ауыл спортшыларының спартакиадасында әрбір ауданда қомақты ұпай түсіретін спорт түрлері – командалық ойындар. Сондықтан да болар бұл спорт түрлері тартысқа толы болады. Оған дәлел FIBA ережесіне сәйкес 33 форматы бойынша өткен ерлер мен әйелдер арасындағы баскетбол ойыны. Бұл форматта биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Мұнда Шиелі ауданының жігіттері мен арулары жеңімпаз атанды.
Командалық ойындар басталғанда барлық жанкүйер орталық стадионға ағылмай отырмайды. Өйткені онда шағын футболдан тартыс басталатыны анық. Спорттың бұл түріне ерекше қызығатындар көрермен аяқдопшылардың аламанын көруге асығады.
Биылдан бастап шағын футбол форматында (66) өтіп жатқан жарыстың ақтық сынында Шиелі мен Қазалы аудандары күш сынасты. Жасыл алаңдағы доп додасы Қазалы ауданынының пайдасына шешіліп, жеңімпаз болып шықты. Ал Шиелі ауданы күміс және Қармақшы ауданы қола жүлдеге ие болды.
Спортшылар Президенттік көпсайыстан да бақ сынасты. Нақтыласақ, бұл – 18-29, 30-39, 40-49, 50 және одан жоғары жас аралығындағы командалар арасында жарыс. Мұнда сайыс қатысушылары жүгіру, снаряд лақтыру, ұзындыққа секіру мен мылтық ату сынды сайыстар бойынша ерлер мен әйелдер болып командалық бәсекеге түседі. Қорытындыға сүйенсек, І орынды Жалағаш, ІІ орынды Сырдария және ІІІ орынды Арал ауданы қанжығасына байлады.
Сырдария ауданының спортшылары волейбол ойынына жандарын салды. Осылайша ерлер арасындағы тартыста Қазалы ауданымен ақтың сында кездесті. Екі кезеңде де қарсыласынан бір бас жоғары тұрған ойыншылар 25:22 ұпайымен жеңімпаз болды. Ал екінші орын Қазалы ауданы болса, үшінші орынға Шиелі ауданы жайғасты.
Қыздар арасындағы ойындардың да осал болмасы анық. Мұнда жаңақорғандық арулар үздік болды. Аралдан келген спортшы қыздар ІІ орын алса, жергілікті команда үшінші орынға тұрақтады.
Жарыстың 4 күнінде гандбол ойындарын жіберіп алуға болмайтыны анық. Себебі бірнеше жылдан бері Жаңақорған мен Қазалы ауданының арулары финалдық сында тартысқа түсіп, бірінен бірі айласын асырып келеді. Сырдария ауданында осындай тағы бір ойынның куәсі болдық. Қос ауданның спортшылары соңғы секундтарға дейін таласты. Ақырында жаңақорғандық қыздар өз аудандарын жеңіс сыйлады. Қазалы спортшылары ІІ орынды иеленсе, үздік үштікті Жалағаш ауданы қорытындылады. Осылайша жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын күз – 2024» ауыл спортшыларының XXXVII облыстық спартакиадасы өз мәресіне жетті.
Сырдария аудандық мәдениет үйінде үздік нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталып, арнайы кубоктар табысталды. Төрт күнге созылған бәсекенің қорытындысы бойынша барлығы 113 ұпаймен Шиелі ауданы биылғы жылдың жеңімпаздары атанды. Сол секілді 110 ұпай еншілеген Жаңақорған ауданы күміс жүлдегер атанса, 102 ұпаймен Сырдария ауданы қола жүлдеге ие болды. Бұдан бөлек, Арал ауданы – 99, Жалағаш ауданы – 95, Қазалы ауданы – 94 және Қармақшы ауданы – 66 ұпай еншілеп, кейінгі орындарға жайғасқан.
Салтанатты шара соңында Сырдария ауданы ауыл спортшыларының жалауын Жалағаш ауданына табыстады. Бұл дегеніміз «Алтын күз – 2025» облыстық спартакиадасы келер жылы Жалағаш ауданында өтеді.
Бақыт НҰР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!