Сыр спортшыларының кез келген бәсекеден қоржыны құр қайтқан емес. Бұл жолы да солай. Өңір мақтаныштары жуырда Астана қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатты. Аймақ атынан сынға түскен бес спортшының төртеуі жүлдегер атанып, еліміздің туын көкке көтерді. Жеңімпаз және жүлдегер спортшыларды Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке арнайы шақырып, олардың жетістігі мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелестік.
– Қазір Қызылорда облысы бойынша 1310 спортшы ауыр атлетикамен шұғылданады. Олардың дені халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, өңір абыройын көтеріп жүр. Биылғы Азия чемпионатына облыс атынан 5 спортшы қатысып, соның 4-еуі жүлделі орынға ие болды. Бір спортшымыз жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмады. Қазір барлық аудандарда ауыр атлетика секциялары тегін жұмыс істейді. Алғашқы даярлық тобына 8 жастан бастап қабылдаймыз. Бірақ егер балада ерекше ынта байқалса, 6 жастан бастап та жаттығуға ала береміз. Қазір жетістікке жетіп жүрген балалардың дені осындай ерте жастан келгендер, – деді Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Жеңіс Алдабергенов.
– Мен Қармақшы ауданындағы №15 олимпиадалық резервтер мектебінің жаттықтырушысымын. Оқушым Ерасыл Сәулебеков биылғы Әлем чемпионатында серпе көтеру жаттығуында алтын, ал қос сайыста қола медаль иеленді. Бұдан кейін, Астанада өткен Азия чемпионатында үш алтын жүлдеге (жұлқа, серпе және қос сайыс бойынша) қол жеткіздік. Ерасыл ел намысын абыроймен қорғап, көк туды көкте желбіретіп қайтты. Бұл жеңіске жету жолында мектеп директоры Алиев Артурдың қолдауы ерекше болды. Ол шәкіртімізді әрдайым бақылап, жігерлендіріп, барлық жағдайын жасап берді. Осы орайда Артур мырзаға алғысымыз шексіз. Болашақта бұдан да биік белестерге жететінімізге сенімдіміз, – деді жоғары санатты жаттықтырушы Айдар Ералиев.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Біз дайындықты наурыз айында бастап кеттік. Алматы қаласындағы базада оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Әрине, қиындықтар болды. Бірақ соның бәрін еңсеріп, жеңіске қол жеткіздік. Жалпы жарыстың өзі бір сын болса, оған дейінгі дайындық нағыз шыдамдылықты шыңдайтын кезең. Сол кезеңді артта қалдырып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Кез келген спортшының арманы – Олимпиада шыңын бағындыру ғой. Біздің де арманымыз, мақсатымыз сол. Бізге қолдау білдірген баршаңызға алғысымды білдіремін, – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және Әлем чемпионатының жеңімпазы Ерасыл Сәулебеков.
– Мен спортқа 9 жасымда келдім. Қазір тұрақты түрде жаттығып жүргеніме 7 жыл болды. Осы уақыт ішінде мені жаттықтырып, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан Айбол Алдабергенов, Жеңіс Алдабергенов және Марат Қайратов есімді бапкерлеріме ерекше алғыс білдіремін. Осы жеті жылдың ішінде талай қиындықты бірге еңсердік. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – деді ауыр атлетикадан Әлем чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Бейбарыс Ерсейіт.
– Ауыр атлетикамен айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Бұл спортқа деген қызығушылығым Илья Ильиннің жетістіктерін көріп, соған еліктеуден басталды. Бүгінде сол қызығушылықтың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Әлем чемпионатынан кейін қайта күш жинап, Азия чемпионатына дайындалу оңай болмады. Бірақ барымызды салып, лайықты нәтиже көрсеттік. Жарыс та, дайындық та жоғары деңгейде өтті, – деді Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері Ернұр Мырзахмет.
– Спортты серік еткеніме 6 жылдан астам уақыт болды. Бұл менің қатысып отырған алғашқы Азия чемпионатым. Менің жаттықтырушым – Аят Әмірбекова. Сол кісінің жетекшілігімен осы жарысқа жолдама алып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алдым, – деді Ауыр атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері Қайсар Мысырбек.
Дайындаған Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!