Өткен аптада Қызылорда қалалық ипподромында бәйгеден Қазақсан Республикасының ІІ іріктеу кезеңінің чемпионаты өтті. Облысымызда үшінші мәрте ұйымдастырылған жүйріктер арасындағы тартысты бәсекеге барлық облыс және 3 қаладан 100-ге жуық сәйгүлік қатысты.

Салтанатты шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы Бахтияр Артаев, «Бәйге» федерациясының вице-президенті Мұрат Өсербаев қатысып, шабандоздарға сәттілік тілеп, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.

– Сыр елінде халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорты бәйгеден Қазақстан Республикасы чемпионаты ұйымдастырылды. Дәстүрлі түрде жалғасын тапқан ұлттық спорт жарыстары – ұлт руханиятын нығайтып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтіні анық. Жүйріктер арасындағы дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық сәйгүлік қатысуда. Шабандоздарымыз «Құнан бәйге», «Топ бәйге», «Аламан бәйге», «Ұшқыр бәйге» бойынша сынға түспек. Олай болса, жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Шара барысында ҚР «Бәйге» федерациясының вице-президенті Мұрат Өсербаев құттықтау сөз сөйлеп, кіл мықтылар жиналған жүйріктер жарысы жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, ақсақал атамыз шабандоздарға ақ батасын беріп, ізгі тілегін білдірді.

Көп ұзамай алғаш болып 8 шақырымдық құнан бәйгенің жүлдегері мен жеңімпаздары анықталды.

Нәтижесінде I орынды Жамбыл облысының атынан қатысқан Аян Әміртай иеленді. Ал 14 шақырымға ұласқан топ бәйгеде I орын Алматы облысынан келген Сержан Бақтыбайға бұйырды.

Сондай-ақ ұшқыр бәйгесі бойынша I орынды Алматы қаласынан қатысқан Байқұрман Сабыржан иеленіп, басты бәсеке 21 шақырымдық Аламан бәйгеде Жамбыл облысынан келген Дамир Ілесбек оза шауып, I орынды еншіледі.

Барша жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлеріне серіктестер атынан қаржылай сертификаттар мен арнайы дипломдар табысталды.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!