Бүгінде Сыр елінің еншісіне тиген жеңіс пен жүлде көп. Білімге бүйрегі бұрған жас буынның спортқа да қызығушылығы жоғары, тіпті осы салаға қатысты мақсаты айқын, арманы асқақ десек артық айтқандық емес. Нәтижеге жету үшін шыбын жаны шырқырап, қиындықтың қиысқан жолынан қаймықпай өтіп, кептелген кедергіге де тосырқап қалмауы талпынысынан көрінеді. Жеңіс пен жеңіліске жету бір ғана қадам екенін ұғынғандар ұстамдылықпен ұтымды әрекет етуді қаперде ұстайды. Содан болар, додада діттегеніне жетіп, тартыста табандылық танытып, ел мерейін үстем етіп жүр. Жалаудың жерге жығылмай, көкте желбіреуін тілеген Сыр спортшыларының бойында намыс қайнап, жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік сайрап жатыр. Байдарка мен каноэде есу бойынша да қоржынымыз талай мәрте алтынға толған. Әлбетте бұл бағыт беретін жаттықтырушы мен шымыр спортшының толассыз еңбегінің нәтижесі. Ендеше облысымызда байдарка мен каноэ спортының даму деңгейі қандай? Толығырақ тарқатып көрелік.

Суды тілсіз жаудың біріне теңейміз. Өйткені абайламасаң ағызып әкететін қаупінен кейін көбісінің суық суға жүрегі дауаламайды. Ал ескек есудің шеберлері су бетінде қайықты игеріп жүріп, бақ сынайды. Көзге оңай көрінген спорттың өзіндік қиындығы да жоқ емес. Егер тепе-теңдікті сақтамай, ережені естен шығарып, мүлт кеткен жағдайда жеңіс қарсыластың еншісінде дей бер. Сондықтан қос қолдың қайратымен ескекпен қайықтың бағытын басқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Белгілі уақыт шегінде межеден өту жүгіріп барып мәрені үзе салатындай жеңіл іс емес. Жеңіс су, қайық һәм ескек үштігінің үйлесімін тапқан спортшының ғана қолында.
Қызылорда облысында байдарка және каноэде есу 2013 жылдың қаңтар айында ашылған. Он жыл ішінде жеңіс тұғырынан көрінген чемпиондарымыз өте көп. 2022 жылы облысымызда ескек есу базасы пайдалануға берліген болатын. Бізде қазір жаттықтырушы жетпей жатыр, атап айтсақ 4 жаттықтырушы бар. Ал Шымкент қаласындағы жаттықтырушы саны – 26. Сондай-ақ, ескек есу спортына келген балалардың 90-99 пайызы жүзу білмейді. Сондықтан алдымен оларды жүзуге үйретіп, кейін қайыққа отырғызу, ескек ұстау сынды тәсілдерді меңгертеміз. Мұндай спорт түрі басқа қала мен аудандарда жоқ. Сол себепті спорт мектебінің қатарын көбейтсек, балалар жастайынан спортқа дағдыланып, тіпті жүзуге де ерте жастан бейімделетін еді. Бұл уақытты жоғалтпай, жеңіске жетудің төте жолын табуға зор мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, 60 спортшының барлығына қайық жетіспейді. Ескек есу базасына бірнеше қайық пен ескек құралдары керек. Бұл мейлінше көп балаға бір мезетте жаттықтыруға көмегін тигізуші еді, – деді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұхитдин Миербеков.
Кіл мықтылар жан-жақты дамудың кілтін табуда тосылмаған кезде арқасынан қағып, демеп жіберу маңызды. Яғни әрбір спорт түріне көп көңіл бөлінсе, көрер нәтижеміз де жемісті, естір жаңалық та сүйінші болмақ. Ескек есу базасында өз ісінің мықты мамандары қызмет атқарады. Жаттықтырушының нұсқаған жолымен жүрген спортшылар марапат мінберінен көрініп, Сыр елін қуанышқа кенелтіп жүргені көпке аян. Намысты қолдан бермеуге тырысқан қыздар да аймақтың абыройын арттырып келеді. Чемпионаттарда асығы алшысынан түсетін спортшылар сенім үдесінен шығуда ақсап қалғысы жоқ. Әлем төрінде егемен еліміздің еңсесін көтеріп, қанға сінген қайсарлықтың қалпын көрсететіні содан. Сонымен су үстіндегі жарыста жығылмай, қайықтың қозғалысын қалт жібермей, ескектің ебін табатын Алтынбек Қожахметтің байдарка мен каноэ спортына келгеніне 10 жылға таяған. Әлем чемпионатының жүлдегері атанған ол өзінің осал еместігін әлдеқашан танытып үлгерді. Тынымсыз дайындықты үзбей, жаттығуға ден қоятын спортшы ел қоржынын медальға толытыруда тағы қалыс қалғысы жоқ. Қожахмет алдағы тамыз-қыркүйек аралығын Азия ойындарына қатыспақ.
– Су үстіндегі спорт болғандықтан біздің маусым сәуір айынан басталады. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасы Шымкент қаласында Әлем кубогіне дайындық жүргізудеміз. Ол 11-15 мамыр аралығында Венгрияда Сегед қаласында өтетін болады. Содан кейін 4 жылда бір келетін қалааралық спартакиадаға дайындалатын боламыз. Одан 2 аптадан соң мен 23 жасқа дейінгі Әлем біріншілігінде бақ сынаймын. Бұйырса тамыз айында өтетін жарысқа да қатысамын. Демек бұл біздің тамыз айына дейінгі жарыс жоспарымыз. Ал жаттығуға келетін болсақ, бұрынғы қателіктермен жұмыс жасап, уақытымызды ұтымды пайдаланып, тиімді тәсіл мен әдістерді үйренуді үзбейміз. Ел үмітін арқалап барған жарыстарда көк туды желбіретіп, намысты қолдан бермеу – басты мақсат, – деді Қ.Алтынбек.
«Чемпион жаттығу залдарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныс, арман, мақсат чемпионды тудырады» деген әлем мойындаған боксшы Мұхаммед Әли. Расында, арман асқақ болған кезде көздеген мақсатқа, діттеген мұратқа жету соншалықты жеңіл болмақ. Жетістікке жету жолында жауапкершілік жүктеп, ұмтылысы ұсақталып, талпынысы тып-типыл жоғалмаса талай спортшының белесті бағындыратыны бесенеден белгілі. Тиісінше спорт саласының дамуына сеп болатын шешім қабылданып, қолдау көрсетілсе айымыз оңынан тумақ.


Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!