Нұр-Сұлтанда грек-рим күресінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.
Әр жылдары әлемдік және құрлықтық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген балуандар бәсекенің көркін қыздырды. Әсіресе 77 келі салмақ дәрежесінде бәсекелестік тым күшті болды. Атыраулық Мақсат Ережепов, қостанайлық Тамерлан Шадукаев және Демеу Жадыраев арасындағы тартыс өте шиеленісті өтті. Осылардың арасынан Мақсаттың мысы басым болды. 60 келі салмақта тосын нәтиже тіркелді. Финалда өскемендік Ернұр Фидахметов пен Сыр балуаны Айдос Сұлтанғали сайысқа түсіп, бұл тартыс Кенді Алтайдан келген апайтөстің пайдасына шешілді. 97 келі салмақта талай байрақты бәсекеде атой салған Ерұлан Ысқақовты ойда-жоқта есімі көпшілікке беймәлім Алматы облысының өкілі Санжар Серікқан сан соқтырып кетті.
Сондай-ақ белдесулер қорытындысы бойынша петропавлдық Аманғали Бекболатов (55 келі), ақтөбелік Мейрамбек Айнағұлов (63 келі), шымкенттік Мейіржан Шермаханбет (67 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі), түркістандық Абылайхан Әмзеев (72 келі), талдықорғандық Диас Қален (82 келі) және өскемендік Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) бас жүлдені қанжығаларына байлады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!