Сыр елінің қос балуаны қазақ күресінен республикалық «Үздіктердің үздігі» додасында топ жарып, алтын медальға ие болды. Байрақты бәсекеде бағы жанған Мақсат Исағабылов пен Бекжан Төлепов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтулы аламанға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.

– Облыс намысын 5 балуан қорғады. 100 келі салмақта Нұрым Сәлімгереев, 60 келіде Нұршат Әбілтаев және 55 келіде Серікболсын Шәріпов пен Бекжан Төлепов, аса ауыр салмақта Мақсат Исағабылов бақ сынады. Екі балуан бас бәйгені жеңіп, аймақ абыройын асқақтатты, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тәжмаханов.

Аса ауыр салмақта аймақ намысын қорғаған Мақсат Исағабылов бабында жүргенін жарыс алаңында байқатты. Елордадағы аламанға дейін Мақсат Түркістан және ШҚО-дағы жарыстарда бақ сынап, жүлде салған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!