Өткен аптада «Абзал және К» компаниясының жүлдесіне арналған БАҚ өкілдері арасында үстел теннисінен турнир өтті. Теннис тақтасының үстінде шар сырғытқан Сыр журналистері бір сәт барлығын ысырып қойып, өзара мықтыны анықтады.

30-ға жуық БАҚ өкілдері төбе көрсеткен жарыстың ұйытқысы – Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы. Су жаңа «Теннис» орталығында өткен жарысты облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен спорт саласы қарқынды дамып келеді. Өңірде жаңадан заманауи үлгідегі спорт нысандары ашылып, ел игілігіне табысталды. Соның бірі – осы «Теннис» орталығы. Осындай ғимаратта спорт саласындағы тың жаңалықтарды ақпараттандыруда қолдау көрсететін БАҚ өкілдерімен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі ұйымдастырылған үстел теннисі турнирінің жоғары деңгейде өтуіне де өз үлестерініңізді қосқалы отырсыздар. Алдағы уақытта бұл жарысты дәстүрге айналдырып, республикалық деңгейде өткізсек деген де жоспарымыз бар. Барша жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін! – деді Жігер Оңдасынұлы.

БАҚ өкілдері арасында өңірде алғаш рет ұйымдастырылған үстел теннисі тартысқа толы болды. Тілшілік тіршіліктен бас алмайтын қауым ой-сананы сергітті, бой жазды. Нәтижесінде жарыстың жеңімпазы Жаңақорған кенті әкімдігінің баспасөз хатшысы Берік Атақожаев атанды. Ақтық сында сүрінген «Қоғам тв» телеарнасының ІТ маманы Дәулет Садықов ІІ орынды қанағат қылса, ІІІ орын «Qazaqstan » Ұлттық телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жахановқа бұйырды. Сондай-ақ, «Көрермен көзайымы» бағамымен облыстық «Кызылординские вести« газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаева марапатталса, турнирдің «Үздік ойыншысы» бағамын республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай иеленді.

Сыр журналистері бас қосқан бәсеке осылай тәмамдалды. Барлығы ұйымдастырушы ұжымға алғыс жаудырып, дәстүрге айналса деген тілекпен тарқасты.

Нұр БАҚЫТ

БАҚ өкілдері үстел теннисінен үздіктерді анықтады

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!