Мағжан Шамшадин, дзюдодан Қазақстан чемпионы:
Сыр бойында жапон спортының шоқтығы биік. Бір емес бірнеше спортшымыз дзюдодан ел намысын Олимпиада ойындарында қорғады. Жамал Бозова, Жанар Жанұзынова, Нұргүл Тағаева, Әділхан Қозыбаевтың ізбасарлары апта басында Ақтауда Қазақстан біріншілігінде бақ сынады. Бір қызығы, соңғы кездері татамидың тұғыры өңір спортшыларына бұйырмай жүрді. Бұл жолы Мағжан Шамшадин қызылордалықтарды жарқын жеңісімен қуантты. Жарыс аяқтала салысымен батыр ұлмен байланыс орнатып, жедел сұхбат ұйымдастырдық.
– Мағжан, жеңіс құтты болсын! Қазақстан чемпионатының биік тұғыры Сыр балуандарына бағынбай жүргеніне біршама уақыт болды. Үзіліп қалған чемпиондықты қайта жалғағаныңа қуаныштымыз. Ақтаудағы аламан қалай өтті?
– Рақмет. Биыл коронавирус пандемиясының қауіптілігіне байланысты татами мен жарыстардан біраз шеттетіліп қалдық. Жыл басында жоспарланған біршама жұмысымыз тоқтап қалды. Осындай қиын кезеңде батылдық танытып, ел біріншілігін өткізу оңай шешім емес. Аталған жарыс әуелі Атырауда жоспарланды. Одан кейін елордада болады деді. Кейіннен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты Ақтауға ауысты. Ұзақ үзілісте татамиден тыс қалған дзюдошылар үшін біріншілік оңай соқпағаны белгілі. Төрт күнге созылған байрақты бәсекеге Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен еліміздің 14 облысынан 273 дзюдошы қатысты. Барлығы жүлдегер болсам деген ниетпен келді. Сайысқа сағынып оралған соң барлығы барын салды. Қорыта айтқанда, аламан тартысты өтті.
– 60 келі салмақ дәрежесінде мықты балуандар жетерлік. Жарыс барысында қай спортшымен сынға түскен қиын болды?
– 60 келіде 27 татами шебері бақ сынады. Барлығының әдіс-тәсілдерін білемін. Өйткені жарыс алдында Алматы және Шымкент қалаларында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Мынау осал, мынау мықты дей алмаймын. Өйткені барлығының дәрежесі бір. Біреуінде бағым жанса, біреуінде сәттілік жолдас болды деуге келеді. Енді финал үшін айқас кез келген жағдайда тартысты өтеді. Алматы облысының балуаны Дәурен Сүйкеновпен жақсы белдесу болды. Дәуренді жеңіп, ақтық сайыстың жолдамасын жеңіп алдым. Ал, Дәурен қола үшін өтетін жұбаныш белдесуінде өнер көрсетті.
– Биылғы біріншіліктің басты жаңалығы Елдос Сметовтың жарыстан тыс қалуы. Бұл жаңалық сіздің жеңісіңізге қаншалықты әсер етті?
– Еліміздің мақтанышы Елдос Сметов денсаулығына байланысты жарысқа қатыса алмады. Бір жағынан, Олимпиада ойындарына қатысатын болғандықтан, ең бастысы, денсаулық қой. Сондықтан Елдостың бұл шешімін дұрыс деп санаймын. Бірақ Елдос біріншілікке қатысқанда сайыс өте жоғары деңгейде өтер еді. Егер ақтық сында жолымыз түйіскенде белдесуге дайын едім. Бақ шаба ма, бап шаба ма демекші, Елдос қатысқанның өзінде чемпион болып кетер ме едім (күліп).
– Финалдық бәсекеге тоқталайықшы. Алматы облысының өкілі Дамир Болатбековпен өткен ақтық айқас сіз үшін қиындық тудырмаған сыңайлы?
– Жоғарыда атап өткендей Дамирмен 2 ай бірге оқу-жаттығу жиынында болдым. Екеуміз де бір-бірімізді жақсы білеміз. Финалда қылғындыру әдісімен жеңдім. Негізі Дамир көп жағдайда қарсы шабуылға шығатын. Бірақ Ақтаудағы аламанда ондай тактикасын көре алмадым. Сондықтан жеңіс маған жақын болды.
– Біріншілік барысында өнер көрсеткен Қызылорда облысының дзюдошыларына қандай баға бересіз?
– Біздің облыстың құрамасы қандай жарыс болсын үздіктер қатарында жүреді. Үздік екенін Ақтауда тағы бір дәлелдеді. Жарыс болған соң біреуі жеңеді, біреуі жеңіледі. Тұтастай құрамның жүлде алуы спортта сирек кездеседі. Сондықтан жақсы деген баға беремін. 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен командалық есепте бестікке ендік.
– Мағжанды алда қандай жарыстар күтіп тұр?
– 2021 жылға біраз жоспарларым бар. Әуелі дүниені дүрбелеңге салған дерттен аман өтсек, әлем чемпионаты мен Азия біріншілігі қайта жалғасын табады. Осы қос сайыс менің басты жоспарым. Екеуінде де үздіктер қатарына еніп, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойынына жолдама алсам деген ниетім бар. Ол үшін халықаралық додаларда сәтті өнер көрсетіп, ұпай қорын молайтуға тиіспін. Сонымен қатар жаңа жылда өтетін Қазақстан чемпионатында чемпиондық атағымды қорғап қалсам деймін.
– Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев жарыста жеңімпаз болған жаңа есімдерді Париж Олимпиадасына дайындаймыз деп қалды. Жалпы өзіңізде Олимпиадаға қатысу үміті қаншалықты басым?
– Олимпиаданы көріп, ел қоржынына жүлде салу басты арманым. Құдай қаласа, 2024 жылы Париж татамиінде қалайда қатысуға еңбек етемін. Бастысы, жарақаттан аман болсақ болғаны.
– Мағжан, таудай талабыңа «Ақмешіт жастары» басылымы сәттілік тілейді.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!