«Барселона» клубы 11 мамырда өткен Испания чемпионатының 35-турындағы «Реал Мадридке» қарсы матчтен билет сатылымы арқылы рекорд деңгейде табыс тапты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
RAC1 радиосының мәліметінше, эль-класико күні «Барселона» 13,5 миллион еуро табысқа кенелген. Бұған брондау алымдарын есептемегенде, ең арзан билет құны 219 еуро болғаны да әсер еткен.
Одан бөлек матчті 50 319 жанкүйер тамашалап, бұл көрсеткіш осы маусымдағы абсолют рекорд көрсеткіш ретінде тіркелді. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштер Чемпиондар лигасындағы «Интерге» (50 314) және «Баварияға» (50 312) қарсы кездесулерде болған.
Ойын нәтижесі бойынша «Барселона» 4:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша каталондықтар «эль-класикодағы» 104-інші жеңісін тіркеді. «Реалдың» еншісінде – 105 жеңіс, ал 52 ойын тең аяқталған. Биылғы маусымда бұл екі ұжым төрт рет кездесіп, төрт ойында да «Барса» жеңіске жетті.
Осы жеңістің арқасында «Барселона» 82 ұпаймен турнирлік кестенің бірінші сатысында өз орнын нығайтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!