Ресейлік танымал инсайдер Иван Карповтың мәліметінше, «Барселона» мен «Ювентустың» бұрынғы жартылай қорғаушысы Миралем Пьянич кәсіби мансабын қайта жандандырып, Луиш Нанимен бірге «Ақтөбеде» өнер көрсетеді, – деп жазады Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

35 жастағы босниялық футболшы 2025 жылдың 30 желтоқсанында мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялаған еді. Сол кезде Пьянич футбол агенті мамандығын игеруді жоспарлап жүргенін айтқан. Алайда тәжірибелі ойыншы жасыл алаңға қайта оралуға бел буған.

Пьянич соңғы рет маусымда Мәскеудің ЦСКА клубынан кеткеннен кейін командасыз қалған. Өткен маусымда Ресей Премьер-лигасында 16 матч өткізіп, екі нәтижелі пас берді. Карповтың мәліметінше, Пьяничтің жалақысы Наниге жетеқабыл болады.

Пьянич көпшілікке үздік еуропалық клубтардағы ойынымен танымал. 2020-2022 жылдары ол «Барселона» сапында өнер көрсетсе, оның алдында төрт маусым бойы Туриннің «Ювентус» клубының намысын қорғады. Бұдан бөлек «Мец», «Лион», «Рома», «Бешикташ» және «Шарджада» ойнады.

Карповтың дерегінше, «Ақтөбе» Ресей құрамасының бұрынғы шабуылшысы 35 жастағы Федор Смоловқа қызығушылық танытып отыр. Ол «Краснодардан» кеткен соң медиалық Broke Boys-та ойнаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!