Биылғы басты аламан – Токио Олимпиадасы. Жапониядағы жарысқа жаһан спортшылары қызу дайындық үстінде. Айтулы аламанға іріктеу кезеңдері әлі де жүріп жатқан соң, дәл қазір алдын ала болжам жасау өте қиын. Десе де жолдама алып қойған спортшылар арасында әлбетте, ең бірінші боксшыларымызға сенім артамыз.
Арыға бармай-ақ тәуелсіздік алған жылдан бері қатысқан жазғы Олимпия ойындарын алар болсақ, былғары қолғап шеберлері бірде-бір рет елге жүлдесіз қайтпағанын жақсы білеміз. Мәселен 1996 жылғы Атлантада – 1 алтын, 1 күміс, 2 қола, 2000 жылы Сиднейде – 2 алтын, 2 күміс, 2004 жылы Афинада – 1 алтын, 1 күміс, 1 қола, 2008 жылы Бейжіңде – 1 алтын, 1 қола, 2012 жылы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола және 2016 жылғы Рио Олимпиадасында – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль еншілеген.
Жуырда Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Олимпия ойындарына болжам жасап, қазақстандық боксшылардың кемінде 2 алтын жүлде иеленуге әлеуеті жетеді дәп мәлімдеді. Сонымен қатар ол Токиода Сиднейдегі табысымызды қайталап қана қоймай, еселеуге де толық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сондай-ақ үш Олимпиадада олжа салған жеңілатлет Ольга Рыпакова мен Риода атой салған Дмитрий Баландиннен қазақ жұрты медаль күтеді. Сонымен қатар балуандар мен дзюдошылардың да ел қоржынына медаль саларлықтай толық мүмкіндігі бар.
Қазақстан құрамасы биылғы Олимпиадаға тəуелсіз ел ретінде жетінші рет қатысады. Жеті саны қазақ халқы үшін қасиетті сан болғандықтан спортшыларымыздан алдағы Олимпиададан айрықша үміт күтеміз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!