10 наурыз күні өзбекстандық опера әншісі, велосипедші және спорт ардагері Хурсанд Шеров Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай халықаралық бағыттағы бірегей веломорофонға шыққан болатын. Марафон бағыты бойынша Түркістаннан Қызылордаға ат басын бұрған ардагер велосипедші Сырдың бас шаһарына да аялдады.
Осы ретте сырбойылық велоспортшылар Хурсанд Шеровты құрметпен қарсы алды. Сапар барысында ардагер велосипедшіге өңірдегі тарихи маңызы бар орындар таныстырылып, жастармен кездесті.
Бұл веломарафон Орталық Азия халықтары арасындағы берік достықты және олардың Ұлы Жеңіске қосқан зор үлесін кеңінен дәріптеуге бағытталған. Осы арқылы Хурсанд Шеров батырлардың өшпес ерлігін еске алуды және өнегелі жолын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттауды көздеуде. Аталған марафон Ұлы Жеңіс күні Мәскеу қаласында аяқталады.

Сыр еліне аялдаған ардагер спортшы қаладағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжіне арнайы барып, ұлағатты ұстаздар және білім алушылармен кездесті. Аталмыш шараға облыстағы өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері, БАҚ өкілдері, спортшы жастар мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында Ұлы Отан соғысының батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, қазақтың қаһарман қызының жанқиярлық ерлігін ұмыт қалдырмау туралы өнегелі әңгіме өрбіді.
Осы орайда Хурсанд Шеровке Сыр халқы атынан велоспорттан ұлттық құраманың жейдесі табысталды. Кездесу соңы мерекелік бағдарламаға ұласып, көтеріңкі көңіл-күйде аяқталды.
А.БАҚЫТҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!