Сербияда күрес түрлерінен әлем біріншілігі мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күнінде қыздар әлем чемпионатының жүлделерін сарапқа салды. Әлем үздіктері бозкілемге беттегенімен төрт мемлекеттің өкілдеріне ғана бас жүлде бұйырды.
Бұл бәсекеде Жапония құрамасының қарқыны жоғары болды. Күншығыс елінің өкілдері Сербиядан 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль олжалады. Жарысқа келген тоғыз спортшының барлығы да жеңіс тұғырына көтеріліп, 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Қоржынында 3 алтын, 2 күміс және 2 қоласы бар АҚШ құрамасы жалпы есепте екінші орынды иеленді. Әрине, балуандық өнерде бай дәстүрі бар алпауыттың бұл табысына ешкім таңдана қоймады. Үшінші сатыға Молдова жайғасты. Алақандай мемлекеттің бұрымдылары бір алтын мен бір қоланы еншіледі. Төртінші орында бір алтын олжалаған Түркия. Сондай-ақ биылғы әлемдік доданың жүлделері Моңғолия (2 күміс), Украина мен Қытай (1 күміс, 2 қола), Қазақстан, Мысыр, Норвегия (1 күміс), Польша (3 қола), Канада (2 қола), Үндістан, Грекия, Франция, Румыния және Эстония құрамаларына (1 қола) бұйырды. Сербияның астанасында барлығы 17 мемлекеттің өрендері жеңіс тұғырына көтерілді.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Белградтағы белдесулерге ең үздік 10 шәкіртін үкілеп қосты. Бірақ қарт құрлықта бір ғана саңлақтың жүлде алуға қарым-қабілеті жетті. Бұл жолы да Жәмила Бақбергенова өз жанкүйерлерін қуантты. Жәмила Ослода өткен әлем чемпионатында жалғыз өзі жеңіс тұғырына көтерілген еді. Биыл сол күмісті алтынға алмастыруды көздеген Бақбергенова жарысты өте жақсы бастады. 72 келі салмақта әлемдік рейтингте көш бастап тұрғандықтан ақтық сайысқа жолдама алу үшін оған екі кездесу өткізу жеткілікті болды. Алғашында өзбекстандық Светлана Оқназарованы, іле-шала румыниялық Александра Ангелді айқын басымдықпен ұтқан Жәмиланың жолы финалда Амит Эломен қиысты. 19 жастағы америкалықтың пәлендей атағы жоқ болса да, аталған жарысқа оның керемет даярлықпен келгені бірден байқалды. Бастапқыда Амит украиналық Анастасия Альпеева мен түркиялық Бусе Тосунды қарсылас құрлы көрмеді. Жартылай финалда былтырғы әлем чемпионы, жапониялық Масако Фуруитидің уысынан жеңісті жұлып әкетті. Ақтық бәсеке басталған бетте Бақбергенова өрескел қателікке бой алдырды. Ол еш дайындықсыз аяққа ұмтылған еді, қарсыласы үстінен басып, ұпай еншіледі. Эло 1 минут 13 секунд аралығында айқын жеңіске қол жеткізді. Міне, осы бір ғана қателік Бақбергенованы бас жүлдеден айырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!