Бір жылдың жолын жүріп өтіп, кейінге қарап, қандай із қалдырдық деу – әрбір адамның да, мемлекеттің де, кез келген ұжымның да ойындағы іс, бойындағы қасиет. Сыр өңіріндегі қай салада болса да игі бастама мен оң өзгерістер жетерлік. Әлбетте, оның барлығын жіпке тізгендей айтып беруге болар, бірақ бір атанға жүк болардай осынау жетістіктер жолына қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.
Білім – бақтың жібермейтін қазығы
Елдің болашағына барар төте жол, сапалы ұрпақтың алтын кілті – білімде. Көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларды қалыптастыру – аға ұрпақтың мойнындағы жүк. Осы салада биыл қандай жетістіктер болды? Әрине, ұстаздар мен оқушылардың ішінара жетіп жүрген белесі мен биіктері – өз алдына бір төбе. «Білім беруге жағдай жасамаған ел түрмені көптеп салуға мәжбүр болады» деген ойды оқыған едім. Ал өңірде ашылып жатқан мектеп пен жаңарып жатқан білім ошақтарын санауға саусақ жетпейді. Оның барлығы да қара орман халықтың көз алдында өтіп жатыр. Мәселен, қаланың шет бөліктерінің бірі – «Сабалақ» саяжайы тұрғындарының басты мұңы мектеп болатын. Білім алуға ынта-ықыласы мол әрбір шәкірттің санасына сәуле шашатын мықты ұстаздар шоғырланған білім ошағы – 150 орындық №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты Ұлыстың ұлы күні қарсаңында есігін айқара ашты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың және бірлескен жұмыстардың нәтижесінде Сыр өңірінде тың жобалар жүзеге асуда. Біз адами капиталды дамыту және білім сапасын арттыру мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін әрдайым айтамыз.
Өңірде заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар жағдай жасалуда. Өткен жылы облыста 19 балабақша, 6 мектеп, Жалағаш ауданында «Оқушылар үйі» және «Өнер мектебі» пайдалануға берілді. Туған жерге жанашыр меценаттар, кәсіпкерлер 9 млрд теңгеден астам демеушілік қаржыға ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Нәтижесінде 80 спорт-ойын алаңы, демалыс парктері мен аллеялар ел игілігіне табысталды. Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы, Арал ауданы Тоқабай ауылында жаңа мектеп құрылысы жүргізілуде. «ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады. Алдағы уақытта да мемлекет, облыс басшылығы тарапынан бүлдіршіндерді, талантты оқушыларды қолдау тұрақты жүргізіледі, – деген еді облыс әкімі білім саласына мемлекеттің жасап жатқан жағдайына тоқталып.
Айта кетейік, биыл «Бәйтерек» шағын ауданында да №287 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жақын аудандағы №261, 280 мектептердің жүктемесі азайды. Оқушылар заман талабына сай, сапалы білім ошағында оқи бастады. Қызылорда қаласының өзінде 2 жаңа мектеп ашылса, 4 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға беріліп, ұрпақтың сапалы білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалды. Мектеп құрылысы туралы тақырып тіні ағытылса, «Жайлы мектеп» жобасы ойға оралады. Осы ұлттық жоба аясында 12 300 орындық 21 заманауи мектеп ашылады. Оның 10-ының құрылысы биыл басталды, қалған 11-інің іргетасы келер жылы қаланады деп күтілуде.
Айтпақшы, білім ошағында балаларды тасымалдау үшін жаңа үлгідегі 30 автобус сатылып алынып, ең қажет деген білім ошақтарына үлестірілді. Мұның өзі сан жылдан бері қол жеткізіп отырған басты жетістіктер. Биыл 102 оқушы республикалық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Ал ұстаздардың өзі сан алуан жетістікке қол жеткізіп келеді. Таяуда ғана жерлесіміз, білікті ұстаз Әсел Пірмағанбетованың республикалық деңгейде «Үздік педагог» атануы Сыр ұстаздарының мерейін үстем, абыройын асқақ етті.
Халық денсаулығы басты назарда
Адамзат үшін қоғамдағы ең қажетті, ең маңызды екі сала болса, оның бірі – білім, екіншісі – медицина. Ұстаз ұлттың жанын емдесе, дәрігер тәнін емдейді. Сыр медицинасы да тың серпін алды. Әлбетте, биыл Қызылорда облысындағы медицинада сең қозғалды. Олай деуіміздің себебі де жоқ емес. Бір салада бір мекемені жылдар бойы басқарып келген басшылар орнынан жылжып, басқа емдеу орындарына ауысты. Иә, басқарма басшысы қызметіне де жаңадан жас буын келіп, іске кірісті. «Жас келсе, іске» дейтін қазақ даналығының бір мысалына айналғандай болды осы жыл.
Мемлекет адам капиталын басты байлық санайды. Денсаулық сақтау саласына қолдау аз болмады. Осы жылы медицина саласына 138, 6 млрд теңге бөлінді. Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2,9 млрд теңге тұратын Қан орталығының құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы пайдалануға беріледі. Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса, 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысы басталды. Бас-аяғы 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі табиғи газға ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 3,7 млрд теңге қаражат жұмсалды. Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, Қызылорда қаласына қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық ауруханасы базасында балаларға Қамқорлық оңалту орталығы ашылып, денсаулық сақтау ұйымдарына 512,5 млн теңгеге 25 дана санитарлық көлік алынады. Өңірде тапшы мамандарды даярлау ісі жалғасуда. Осы жылға арнайы 24 грант бөлінген. Биыл 575 дәрігер, 738 орта буын қызметкерінің білімін жетілдіруге 88 млн теңге қаралды. Ал денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 4,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған МРТ, УЗИ, рентген, видеогастроскоп, фибробронхоскоп аппараттары алынды. «Қазақстан халқына» қоры республика бойынша 3 облыста бар, құны 1,1 млрд. теңге (1 091,0 млн. теңге) тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұнда компьютерлі томограф, цифрлық рентген, ультрадыбыстық аппарат қаралған. Бұл өз кезегінде шалғай елдімекендердегі облыс тұрғындарының жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, орташа өмір сүру жасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұған дейін облыстық онкология орталығы көпбейінді облыстық ауруханасының емханалық ғимаратында орналасып, көлемінің жеткіліксіздігінен, химиотерапия алатын онкологиялық науқастарға және отадан кейінгі кезеңдерде үлкен қиындық туғызған болатын. Осы орайда, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының модульдік бөлімшесінің ғимаратын материалдық-техникалық жабдықтарымен бірге облыстық онкология орталығына беріліп, қалыпты жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі күні жүкті әйелдерге, босанатын, босанған әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға перинаталдық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – облыстық перинаталдық орталық. Осыған орай, орталық жүктемесін азайту және тар буынды мамандардың консультациясын шұғыл және дер кезінде ұйымдастыру мақсатында жанынан жыл соңына дейін 70 төсектік перинаталдық орталық ашылады. Бүгінгі күні балаларға арнайы мамандандырылған стационарлы соматикалық, нейрохирургиялық және хирургиялық медициналық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – 200 төсек орынға арналған көпбейінді облыстық балалар ауруханасы. Аурухана 200 төсек орынға арналғанымен, 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Осыған байланысты, «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы бар. Көпбейінді қалалық балалар ауруханасын Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының Астана көшесі, № 1Б мекен-жайда орналасқан ғимарат базасында құру жұмыстары жүргізілуде. Аталған аурухана базасында даму бұзылыстары бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығын ашу үшін 124,6 млн теңгеге құрал-жабдықпен «Қазақстан халқына қоры» арқылы қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда ғимаратты реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға енгізілді. Астана көшесі, № 1Б мекен-жайда орналасқан облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы және облыстық жастар орталығы облыстық перинаталдық орталығының Ә. Бөкейхан көшесінде босаған ғимаратына көшіріледі. 2024 жылы заманауи периналдық орталықтың құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, 2025 жылы республикалық бюджет есебінен Қызылорда қаласында 200 келушіге арналған заманауи периналдық орталықтың құрылысы басталады. Сол жағалаудан жер учаскісі бөлінді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 (Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған) көпбейінді аудандық орталық ауруханаға қосымша құрылыс салу арқылы қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Бұған 2024 жылы республикалық бюджет есебінен 3,5 млрд теңге жоспарланған, сондай-ақ медициналық техника сатып алуға биылға 933,3 млн теңге бөлінсе, 2025 жылы аса қымбат медициналық техника алуға 5 млрд. теңге қаржы бөліну жоспарлануда. Ұлттық жоба аясында өңірде құны 11,0 млрд теңгені құрайтын 27 нысан тізімі енгізілді.
Спорт саңлақтары серпінді дамудағы жолын жалғады
Сырда спорт қарқынды дамуға бет алды. Әсіресе, жекпе-жек бағытындағы жетістіктер қоржыны толайым. Ал қазақ футболының көсегесін көгертемін деп шынашақтай сәтінен арман қуып өсіп келе жатқан өрендердің бар екені қуантады. Әйтсе де, биылғы спорт саласында елді бір серпілтіп тастаған ерекше оқиғаның бірі осы футболда болды. Бүгінде ел құрамасы аутсайдерден фаворитке айналды. Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, 2024 жылы Германиядағы кәрі құрлықтың басты аламанының жолдамасын жеңіп алуға мүмкіндік алды. Бұл – биылдың басты сенсациясы. Сондай-ақ қызылордалық «Қайсар» да ел чемпионатында тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Бірінші лигадан жаңа шыққан ұжым премьер-лигада көпшілік күтпеген сәттерге ие болды. 17 жылдан кейін Алматыда «Қайратты» 3:0 есебімен жеңіп, қызылордалық жанкүйерлерді қуантты. Жыл қорытындысымен «Қайсар» үздік алтылыққа енді.
Сыр мәдениеті тұғырда
Мәдениет саласы қашанда ерекше мәнге ие. Бұл салада қыруар тірлік атқарылуда. Аймақ басшысының бастамасымен көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады деген нысандағы жұмыс көз сүйсінер түзу тірліктің біріне айналды. Өңірде классикалық өнерді дамыту, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну мақсатында облыстық филармонияда кәсіби музыканттардан құралған симфония оркестрі жұмысын бастады. Оркестр құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптар бойынша 50 кәсіби музыкант қабылданып, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған арнайы «Тұран» сыйлығы табысталып, облыс мәдениет ұйымдарындағы 8 өнер ұжымына 40 домбыра берілді (500 мың теңгеден жүлде қоры табысталды). Ақындыққа бейімі бар балаларды айтыс өнеріне баулу, шыңдау мақсатында тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар мен жасөспірімдер айтысы өткізілді. Сонымен қатар республика көлемінде тұңғыш рет Сырдың жас ақындарының Алматыдағы Поэзия күндері өтті. Бабалар дәстүрін жаңғырту мақсатында «Қоңыр әңгіме» жобасы іске асырылды. Рухани кештің алғашқы қонақтары ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы және жырау, фольклортанушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов бабалар болмысындағы ізгі қасиеттер мен асыл құндылықтарды әңгіменің арқауы етті.
Биылдан бастап аймақ басшысының қолдауымен 13 маман шет елдерде біліктілігін арттырды. Облыстық филармонияның солистері 23-28 қазан аралығында Италия мемлекетінің Анкона қаласындағы Озимо опера академиясында біліктілігін арттырса, 20 қарашада театр, филармония және халық шағармашылығы орталығының шығармашылық және техникалық мамандары шеберлік дәріске қатысу үшін Беларусь Республикасының Витебск қаласына іссапармен барды. Аймақ басшысының қолдауымен араға 17 жыл салып, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласында гастрольдік сапары ұйымдастырылды. Шығармашылық сапар аясында театр репертуарындағы 4 үздік қойылым алматылық көрермендерге ұсынылды. Шыңғыс Айтматовтың повесі желісінде «Жәмилә» драмасы, С.Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасының, О.Нұрмахановтың «Көрұғлы» рухнамасының, А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» және бірқатар балалар қойылымдарының премьералары өтті. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған «Арман» инклюзивті театры іске қосылды. Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылды. Отбасылық құндылықтарды нығайту, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру және заманауи қазақ анасының бейнесін қалыптастыруға бағытталған «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтары пайдалануға берілді.
Аймақ басшысының қолдауымен облыстың 85 жылдығына орай тарихи деректердің көшірмесін алу мақсатында облыстық архив қызметкерлері Ресей Федерациясы Орынбор біріккен мемлекеттік архивінде зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы облыс тарихына қатысты құжаттардың 2000-нан аса парақ көшірмелері алынды. Бұл құжаттар толық зерделеніп, заңнама талаптарына сәйкестелгеннен кейін жалпы жұртшылықтың пайдалануы үшін қолжетімді болады. Ерекше атап өтер жаңалық, биыл Сыр өңірінде бірнеше жылдар бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалды.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!